Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шухратулла Убайдуллаевтың төрағалығымен лездемелік мәжіліс өтті. Жиынға тиісті сала және дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібінде аудан аумағындағы санитарлық тазалық жағдайы жайлы мәселелер көтерілді.
Басқосу барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Жаманқұлов аудан аумағындағы абаттандыру-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерге және кәсіпкерлік нысандардың іргелес аумағына жүргізілген тазалық жұмыстары бойынша жан-жақты талдау жасады. Нәтижесінде, ескерту беріліп, айыппұл салынған жеке және заңды тұлғалардың сандық көрсеткіштеріне тоқталды.
Баяндалғанның негізінде, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шухратулла Убайдуллаевтың дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне санитарлық тазалық жұмыстарын қатаң бақылауға алып, жұмыстарды күшейту керектігін жеткізді.
Бұдан бөлек, ауылдық округ аумақтарында мекемелердің тұрғындарға қызмет көрсетуін аудандық мәслихатпен бекітілген тарифтерге сәйкестендіруді, тұрғындарға қоқыстарды алып-әкету қызметін көрсететін мекемелердің арнайы (мамандандырылған) техникалармен қамтылуын тексеруді және жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе рейдтер ұйымдастыруды тапсырды. Егерде азаматтар бұл бойынша әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттер жасаған жағдайда, оларға ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 434/2 мен 505 баптары бойынша және «планшет» арқылы шара көру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырмалар берді.
Жиын соңында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өз деңгейінде жұмыс атқарылмаған, бейберекет қоқыстар тасталған бірқатар ауылдық округтерінің санитарлық тазалыққа жауапты әкім орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелері қаралды.