Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ АҚБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ АҚБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

 Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымы кеңейіп келеді.

Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 750 мың отандасымыз оқыту курсынан өтеді. Күндізгі форматтағы оқыту семинарларынан бөлек, енді кез келген адам qogamfin.kz. онлайн-платформасын пайдалана алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, «AMANAT» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биыл жобаны «Halyk Bank» (*жобаның 2023 жылдан бергі серіктесі), «Jusan Bank», «Bank RBK», «Nurbank», «Еуразиялық банк», «Altyn bank», «Банк ЦентрКредит», «Freedom bank» және «Bereke bank» қолдады.

Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыратын «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы аясындағы жұмыстар Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылының мәдениет үйінде жалғасты.

Басқосу барысында «Ұлы дала» ассоциациясы «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы, кәсіпкер Айгерім Амиралиева Сайрам ауданына арнайы келіп, Ақбұлақ ауылының тұрғындарына оқу семинарын өткізді.

Аталмыш жобаның қарқынды жүзеге асуына Сайрам ауданы аппараты қызметкерлері, Ақбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Әбдібек Үсіпбеков, Ақбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының салық және кәсіпкерлік саласы бойынша бас маман Еркебұлан Леспаев және әкімшілік қызметкері курьер Меруерт Жанузакова, аудандық экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлсара Ташимова, «АМАNAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының кеңесшісі Гуломжон Ирискельдиев белсене атсалысты.

Жалпы «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы негізінде оқу семинарына ақбұлақтық 100 адам қатысты. Оның ішінде, 73 азаматқа арнайы сертификаттар салтанатты түрде табысталды.

Семинар соңында қаржы сарапшысы Айгерім Алиқызы банк есеп шоттары және несиелерге қатысты мәселелер жөнінде ауыл тұрғындарын жеке қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, халықтың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған оқу семинары Манкент ауылдық округінде 28 қазан-15 қараша аралығында жалғасын табады.

Айта кетсек, Qogamfin.kz платформасын әзірлеуші Әлішер Өмірбаевтың айтуынша, былтыр 65 мың адам оқыту курсынан өтсе, биыл жоба сарапшылары 200 мың адамның қаржылық сауатын арттыруды көздейді.

 

 

Пікір жазу