Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл барлық өңірде жүргізілуде. Жеке тұлғалар арасында берешегі бар азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыратын «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы аясындағы жұмыстар Сайрам ауданы, Манкент ауылының мәдениет үйінде жалғасты, деп жазады Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Басқосу барысында «Ұлы дала» ассоциациясы «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы, кәсіпкер Амиралиева Айгерім Алиевна Сайрам ауданына арнайы келіп, Манкент ауылының тұрғындарына оқу семинарын өткізді.
Аталмыш жобаның қарқынды жүзеге асуына Сайрам ауданы аппараты қызметкерлері, Манкент ауылдық округі әкімінің орынбасары Махсудов Журат, Манкент ауылдық округі әкімі аппаратының әлеуметтік мәселелер бойынша бас маманы Саттаркулова Дияра, аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Көлбаев Әбілсейіт, «АМАNAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының кеңесшісі Гуломжон Ирискельдиев белсене атсалысты.
Жалпы «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы негізінде оқу семинарына манкенттік 175 адам қатысты. Оның ішінде, 151 азаматқа арнайы сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
Семинар соңында қаржы сарапшысы Айгерім Алиқызы банк есеп шоттары және несиелерге қатысты мәселелер жөнінде ауыл тұрғындарын жеке қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, халықтың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған оқу семинары алдағы уақытта Қайнарбұлақ ауылдық округінде жалғасын табады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «AMANAT» партиясы бастаған «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының маңыздылығын атап өтіп, оны елдің барлық өңірлерінде кеңейтудің қажеттілігін айтты.
Осы орайда, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиын жағдайға тап болған отбасылардың несиесі кешіріліп, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды, халықтың несиеге тәуелділігін төмендету бойынша жаңа заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Дегенмен күрделі әлеуметтік мәселені шешу үшін қоғамда жаңа «қаржылық мәдениет» қалыптастыру маңыздылығы туындады. Осы орайда «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жөнінде тың бастама көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оны қолдап, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырды.
Бұл жұмысқа Үкімет пен Ұлттық банк қосылды. Жобаның ауқымын кеңейту туралы тиісті органдармен арнайы меморандум әзірленді. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі мен Мәжіліс Төрағасы «AMANAT» партиясы бастаған «Қарызсыз қоғам/Общество без долгов» білім беру жобасын кеңейтудің Жол картасын бекітіп, жобаны кеңейту бойынша мемлекеттік органдармен және екінші деңгейлі банктермен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат аясында 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан Қаржыгерлерінің қауымдастығы және Микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы жобаны іске асыруға қосылды.
Азаматтарға консультациялық көмек көрсету үшін барлық өңірде «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері құрылды. Мұнда арнайы мамандар қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетіліп, қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретіп жатыр.
Жалпы жобаға барлық аймақтағы азаматтар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғастыруды сұрады. Бұған қоса, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары әзірленеді.
Облыстағы жұмыстарға келсек, қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан бөлек азаматтарға сарапшылар мен заңгер тарапынан курстарға қатысушылармен жеке консультациялар өткізіліп, оларды жұмысқа орналастыру бойынша enbek.kz порталына тіркеуден бастап олардың банктермен борыштық сұрақтарын реттеу, жеке кәсіп ашу, бизнес жоспарлар даярлау, депозиттер ашу, отбасылық бюджетті құрау және т.б. жұмыстар атқарылуда. Сондай ақ азаматтарға СТОП КРЕДИТ қызметін пайдалану түсіндірілуде.
«Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, дұрыс тұтыну мәдениетін қалыптастыру, азаматтарға банктік қарыздар мен микронесиелер бойынша проблемалық берешектерді реттеуге көмектесу, қаржылық жоспарлау және бюджет басқару бойынша кеңес беру. Қаржыны тиімді басқару мен қаржылық қиындықтардың алдын алу үшін білім мен пайдалы құралдарды ұсына отырып, қаржылық әл-ауқатты жақсартуға ұмтылады.
Жобаның басты назары қаржылық сауаттылықты үйретуге бағытталған, осылайша адамдар өз қаражаттары мен қарыздарын дұрыс басқара алады. Бұл өз кезегінде болашақта қаржылық қиындықтардың алдын алатын болады.
Экономикалық тұрақтылық: «Қарызсыз қоғам» жобасы жеке және қоғамдық деңгейде шамадан тыс қарыздану мәселесін болдырмауға аса мән бере отырып, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.