Сайрам ауданы – ауылшаруашылығы өркендеген іргелі аудандардың бірі. Ауданның жалпы өнімінің 108,7 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығында өндіріліп, шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда нақты көлемі индексі 129,8 %-ға артып отыр. Өткен 2023 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 103,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, облыс көлемінде көш бастаған болатын.
Облыстық «Алтын күз-2024» іс шарасында Сайрам ауданы Агроөнеркәсіп кешен көрсеткіштерін орындаудан 1 орынды иеленді. Сонымен қатар, ет өндіруден және қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан атанды.
Егін шаруашылығында 46,4 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 61,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы жылы 52,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар орындалды (24,6 мың гектарға дәнді және бұршақты дақылдар, 6,3 мың гектар майлы дақылдар, 11,6 мың гектарға мал азықтық дақылдары, 5,8 мың гектарға көкөніс, 3,9 мың гектар жерге картоп).
Жыл басынан 35,4 мың тонна ет, 106,5 мың тонна сүт өндірілді.
Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайтуда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оң септігін тигізіп отыр.
Ет экспортын арттыруда Сайрам ауданы кәсіпкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, 8 айда «Тұран Агро Ет-Сүт» АШӨК-і 3500 тонна сиыр етін және 1560 тонна қой етін Өзбекстан еліне экспорттаса, «Қайып ата» ЖШС 2 945 тонна сиыр етін және 12 тонна қой етін Өзбекстанға, 118 тонна қой етін Иранға экспорттады. «Қайып ата» ЖШС Тәжікстанмен 110 тонна ет экспорттау бойынша келісімшарт жасады. Экспорт осы айдан бастап жүзеге асырылады. Республикалық делегацияның Австралия еліне жасаған іссапары қорытындысымен жалпы құны 55,2 млрд. теңгеге 5 ірі инвестицялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның ішінде «Қайып ата» ЖШС 3 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында «1500 басқа арналған ірі қара малды сою және өңдеу» жобасы мен «Мал сату биржасы» жобасы жүзеге асырылады.
Ауданымыз аграрлы аймақ болғандықтан ағын су мәселесі өзекті. Коммуналдық меншікте 363 шақырымды құрайтын 47 каналдың 254 шақырымы (70%) жөндеуді қажет етеді. Биылғы жылы 96 шақырымы механикалық тазалаудан өтті.
Облыстық бюджеттен 527,7 миллион теңгеге «Ақбай-Қарасу» каналының 4,8 шақырымына бетондау жұмыстары жүргізілді (2023 жылы-131,8 миллион теңге, 2024 жылы–376,2 миллион теңге). Нәтижесінде 230 гектар егістік жердің су жеткізу қабілеті жақсарды.
Сонымен қатар, 8 каналды күрделі жөндеуден өткізуге жобалық құжаттамалар әзірленуде. (Аламан, Жоғарғы Аққала,Төменгі Аққала, Бауарық, Әсіл, Теспе ,Сай, Закира).