Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деп, атқарылатын жұмыстардың барысына тоқтала келіп, жұмыссыздарды жұмыспен қамту шарасына басымдық берген болатын.
Жұмыссыздарды жұмыспен қамту шараларына сәйкес Ұлттық жобалар бойынша 2024 жылға 4194 жұмыс орындарын ашу жоспарланса, 9 айда 3667 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып, жылдық жоспар 87,4%-ға орындалды.
Сонымен қатар, «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бастамасымен жаңа жұмыс орындарын ашу іс-шарасында 1935 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, 9 айда 1781 жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында биыл 9 айда жұмыспен қамту шараларына 10 877 азамат тартылып, жылдық жоспар 95%-ға орындалды (жоспар 11 497 адам).
Оның ішінде 1038 адам жастар практикасына, 1400 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 427 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 168 адам алғашқы жұмыс орындарына, 194 адам «Күміс жас» жобасына тартылып, 9 айдың жоспары орындалды. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады.
Білім беру саласында ауданда 98 білім беру ұйымдары жұмыс жасайды, оның 74-і мемлекеттік мектеп болса, 24-і жекеменшік мектептер. Жаңа оқу жылында Қарабұлақ ауылында 500 орындық 1 жекеменшік мектеп іске қосылды.
Үш ауысымды мектептің мәселесін шешу мақсатында биыл, Манкент ауылында 600 орындық Айнабұлақ атындағы жалпы орта мектептің құрылысы аяқталады. Әсіларық ауылында орналасқан Уәлиханов орта мектебі күрделі жөндеуден өтті.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасымен 2024-2025 жылдарға Ақсу ауылынан 600 орындық 1 мектеп бой көтереді, биылғы жылы мектеп құрылысы басталды.
Денсаулық сақтау саласында ауданда медициналық көмек көрсететін 41 мекеме жұмыс жасауда.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жоба аясында Ақбастау, Аққала, Құтарыс (құны 278,9 миллион теңге) ауылдарында 3 дәрігерлік амбулатория құрылыстары басталды.
Сонымен қатар, Орталық аурухана ғимараттарын күрделі жөндеуге құны 3,3 млрд.теңгеге және Қарабұлақ аудандық ауруханасын күрделі жөндеуге құны 3,1 миллиард теңгеге жобалық сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған.
Бүгінгі таңда орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Жалпы ауданымызда 32 мәдениет ошағы мен 406 спорт нысандары бар. 2024 жылдың 9 айында мәдениет саласы бойынша 216 іс-шара, спорт саласы бойынша 111 спорттық іс-шара өткізілді.
Аудан спортшылары республикалық және облыстық жарыстарда спорт түрлері бойынша 22 алтын, 27 күміс, 40 қола медаль жеңіп алған.
Биылғы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен Қарасу ауылында 682,4 млн.теңгеге спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, нысан 2025 жылға өтпелі.
Ақсу ауылындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті.