Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен лездемелік мәжіліс өтті. Күн тәртібінде екі мәселе көтерілді.
Жиында алғаш сөз тізгінін алған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Сарыбеков мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы аясында 2024 жылдың 6 айында атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, нысаналы топтарға жататын санаттағы азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек алуы, мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы мен іс-шаралардың орындалуы және оңалтудың техникалық көмекші құралдарымен қамтамасыз етілуі, жекеленген санаттағы азаматтарға әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетілуі туралы жан-жақты баяндады.
Келесі кезекте «Сайрам Тазалық» ЖШС мекемесі тарапынан 6 ай қортындысымен атқарылған жұмыстар және өзекті мәселелері туралы «Сайрам Тазалық» ЖШС-нің директоры Қадырбек Бегалиев баяндады. Алдымен ауданның су жүйесі туралы ақпараттарды айтып, кейіннен аталмыш мекеменің штаттық кестесін атап өтті. Бұдан бөлек, басқосу барысында «Сайрам Тазалық» мекемесінің берешек қарыздарының көбеюіне байланысты Оңалту рәсімін еңгізу туралы ақпаратты баяндады.
Жиын барысында аудан басшысы жауапты сала және дербес бөлім басшыларына бірқатар сын-ескертпелер берді. Алдағы уақытта ауылдық округтер бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті заң жүзінде тағайындау мен тұрақты бақылауға алуды және «Сайрам Тазалық» ЖШС тарапынан қарыз берешектерін өндіру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, бұдан басқа салалар да өз жұмыстарын жандандыру қажеттігін жеткізді.