Бүгін, «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы аясында, қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында, Сайрам ауданы, Қарабұлақ және Арыс ауылдық округтерінің тұрғындары оқу семинарын үздік аяқтағаны үшін, 378 адамға салтанатты түрде сертификаттар тапсырылды. «АМАNАТ» партиясы Сайрам аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты Дастан Анартаев, «ҚАРАБҰЛАҚ» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары, партия ардагері, білім саласының ардагері Абдинаби Абдирашидов, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің м.а Абдуқадыр Сихымбаев, «Ұлы дала» ассоциациясы қарызсыз қоғам жобасының қаржы сарапшысы Айгерім Амиралиева, экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлсара Ташимова, сонымен қатар,
Арыс ауылдық округінің әкімі Музаффар Сиддиков және «АРЫС» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Абдусалом Тажиев, ауыл тұрғындарды құттықтап, сертификаттарды табыстады. Ауыл тұрғындары тарапынан да ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын тілге тиек етіп, өткен жылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Бүгінде «AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасы елімізз бойынша қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыстарын қарқынды жалғастыруда.
Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыру.
Оқу бағдарлама азаматтардың мынадай санаттарына арналған: несие бойынша қарыздар бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар, жеңілдікпен несие алып, мемлекеттен бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер, АӘК алатын азаматшалар. Қатысушылар жобаға қатыса отырып өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді. Олар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін білетін болады.
Мәселен, несиені қай банкте рәсімдегені немесе несие шартының түпнұсқасы қайда жатқаны көп адамның есінде жоқ. Жобаның кеңесшілері азаматтарға банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы мерзімі өткен берешектерді реттеу бойынша кеңес береді, әрі қарай бизнесті жоспарлауға және жұмысқа орналасуға көмектеседі.