Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов келесі кезекте Қарасу ауылына қарасты 106, 2 га құрайтын Жаңақұрылыс аумағында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Аралау барысында тиісті бөлім басшыларына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары жайлы бірқатар сын-ескертпелер жасады. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарының кешіктірілмеуіне көңіл бөлу керектігін жеткізді. Анықталған кемшіліктерді тез арада қалпына келтіруді, бұл мәселені ұдайы бақылауда ұстайтынын айтты.
Бұдан соң аудан басшысы Ақсукент-2 ауылындағы қайта жөндеуден өткен «Шәмші Қалдаяқов атындағы» мәдениет үйіне барды. Тұрғындарға рухани көңіл-күй сыйлауда мәдениет нысандарының атқаратын рөлі айрықша екеніне тоқталды. Сондықтан тиісті сала басшыларына мәдени іс-шараларды тиімді үйлестіруді жүктеді.
Айта кетейік, азаматтардың бос уақытын мәдени демалыспен өткізуге арналған нысанның қабырғасы 1978 жылы қаланған.
Бүгінде халық шығармашылығы мен этномәдени дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды сақтайтын, насихаттайтын, оларды осы заманғы тарихи және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдейтін мәдениет ошағы 120 орынға лайықталған.