Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен кезекті лездемелік мәжіліс өтті. Жиын барысында жыл соңына дейін тапсырылатын құрылыс нысандарының сапалары, аудан аумағындағы бірқатар жер телімдеріне инфрақұрылым жүйелерінің жүргізілуі, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстары туралы мәселелер талқыланды. Бұл бойынша тиісті бөлім басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы Шынгыс Жаманкулов аталған бөлім тарапынан ауыз су, табиғи газ, электр, абаттандыру салалары бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасады.
Келесі кезекте аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Баймурза Бейсембаев бүгінде Сайрам ауданы орталығынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Шынбұлақ» автомобиль жолының 25,5 және 33,8 шақырым аралығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. «Береке-А» ЖШС тарапынан қолға алынған жол құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдарға өтпелі екенін жеткізді.
Жалпы «Ауыл-Ел Бесігі» бағдарламасымен 76,7 шқ жалпы 12 нысан, 60 көше орташа жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Көлкент, Қарасу ауылдық округтеріндегі бірқатар көшелерге орта жөндеу жүргізіліп, Қайнарбұлақ ауылдық округі мен Ақсукент-2 ауылындағы кейбір көшелер, Ақсукент-1 ауылындағы Төлеби көшесі аралығындағы темір жолдың үсті арқылы өтетін автокөлік көпірін салу құрылыс жұмыстары 2025 жылға жалғасады.
Өз кезегінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алибжан Ибрагимов 2024 жылы құрылысы аяқталған нысандарға тоқталды. Атап айтқанда, Қарасу 50,0 га және М.Оразалиев аумақтары газ, электр желісі және Қосбұлақ елдімекені электр желісімен түгел қамтылды.
Ал жыл соңына дейін Қарасу 50,0 га, Қарасу 56,2 га аумақтарына электр, Қосбұлақ елдімекеніне газ, Арыс 22,0 га аумағына су, электр, жол инфрақұрылымдық жүйелері толығымен тартылып, Жібек жолы әкімшілік ғимараты пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сондай-ақ, Қарасу 50,0 га, Қарасу 56,2 га, Қосбұлақ 24,8 га аумақтары мен М.Оразалиев ауылдарына су жүйелерін жүргізу, Қарасу 56,2 га аумағына газ құбырларын тарту және «Ақсу» мектебі мен Қарасу спорт кешеніне инженерлік-комуникациялық инфрақұрылымдық жүйелер жүргізу жұмыстары 2025 жылға өтпелі болып отыр.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі қызметкерлердің қалған жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігін, олардың орындалу барысы тұрақты бақылауында болатынын айтты.