Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен кезекті лездемелік мәжіліс өтті. Күн тәртібінде 2024 жылға атқарылған жұмыстар және жыл қорытындысымен бюджет кірістерінің болжамды орындалуы, аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жұмыстарының жүргізілуі және отбасының цифрлық картасында Д және Е санатындағы отбасылардың деректерін өзектендіру туралы мәселелер көтерілді.
Жиын барысында аудандық кірістер басқармасының басшысы Талғат Алиев, экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Айтекеева мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Сарыбеков қаралған тақырыптарға қатысты баяндама жасады.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралған соң, аудан басшысы Арман Сәбитұлы айтылған пікірлерді, баяндамаларды сараптады. Тиісті бөлім басшыларына және жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, жеке тұлғалардың мүлік және көлік салығы берешектерін өндіруде ауыл әкімдеріне жауапкершілікпен жұмыс жүргізуді жүктеді. Сонымен қатар, ауданның жергілікті бюджетінің кірістер бөлігіне нақтылау жүргізуді, жыл соңына дейін кірістер жоспарының орындалу барысын бақылайтынын баяндады.
Бұдан бөлек, Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету бойынша жұмыстарды күшейтіп, межеленген көрсеткішке қол жеткізу керектігін айтты. Бұл жұмысты жандандыру үшін жергілікті учаскелік полиция және учаскелік дәрігерді немесе мейірбикені жұмысшы топқа қосу қажеттілігіне тоқталды.