Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ҒАЛЫМЖАН ЕЛШІБАЙДЫҢ «ҚАЛАМҒА ҚОНҒАН ҚҰТ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ҒАЛЫМЖАН ЕЛШІБАЙДЫҢ «ҚАЛАМҒА ҚОНҒАН ҚҰТ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Шымкенттегі «Қызғалдақ» сарайында талантты журналист, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібайдың «Қаламға қонған құт» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Салтанатты шара белгілі ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Нармахан Бегалыұлының ақ батасымен ашылды. Жиынға Астанада мен Алматыдан келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, жалпы Оңтүстік қана емес, көршілес Жамбыл, Қызылорда өңірінен келген зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, ғалымдар, өнер иелері қатысты. Кітаптың лентасын Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, алаштанушы ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және жазушы Мархабат Байғұттың жұбайы Қыздаркұл Пернебайқызы кесті. Шарада қоғам қайраткері Созақбай Әбдіқұлов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Тәшенев университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Оңалбай Аяшев, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Өзбекстандағы филиалының басшысы Дария Пернешқызы сөз сөйлеп, кітап авторының шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін білдірді. Кешті белгілі ақын, ғалым, баспагер Темірғали Көпбаев жүргізді.

Жиын барысында Ғалымжан Елшібай жарыққа шыққан өзінің алғашқы кітабының мазмұнымен таныстырып өтті. Кітап журналистика саласында отыз жылдан астам еңбек еткен қаламгердің елу жылдық мерейтойына орай шығарылып отыр. Жинаққа Ғалымжан Қамытбекұлының әр жылдары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған еңбектері іріктеліп енгізілген. Кітап төрт тараудан тұрады: оған тұғырлы тұлғалар туралы танымдық-зерттеу мақалалары, ұлттық құндылықтар, ата дәстүр, тіл, дін, саяси ұстанымға қатысты көзқарас, рухты көтеретін, жігерлендіретін публицистикалық шығармалары, сұхбаттары және әр жылдары жазылған жырлары топтастырылды. «Тұғырлы тұлғалар» тарауынан Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, НәзірТөреқұлов, Нұртас Оңдасынов, Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров сынды қазақтың біртуар перзенттерінің өміріне қатысты зерттеулерді оқуға болады. Журналистің әр жылдары өнер майталмандарымен, саясаткерлермен, ғалымдармен жасаған сұхбаттары, сонымен бірге қоғамдағы өзекті проблемаларды қозғаған мақалалары қамтылған.

Айта кету керек, Ғалымжан Елшібайдың «Қаламға қонған құт» атты алғашқы жеке кітабы. Мың дана таралыммен жарыққа шыққан еңбек сатылымға емес, еліміздің түрлі кітапханалары мен оқырманға рухани тарту ретінде ұсынылмақ.

Ғалымжан Елшібай 1975 жылы Төлеби ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген. Еңбек жолын Төлеби аудандық «Төлеби туы» газетінде бастап, «Шымкент келбеті»,«Оңтүстік Қазақстан» басылымдарындағы жемісті жұмыс істеді. «Жас алаш» газетінің меншікті тілшісі қызметін ұзақ жылдар атқарған, сонымен бірге қазақ руханиятының қара шаңырақ басылымдары «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жұмыс істеген. Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалына төрағалық етті. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Ғалымжан Елшібайдың шығармашылық әлемі қазақ журналистикасының маңызды салаларының бірі болып саналады. Оның «Қаламға қонған құт» атты кітабының тұсаукесері осыны тағы бір мәрте дәлелдейді. Журналистика саласындағы үлкен тәжірибесі мен елеулі еңбектері кітап арқылы оқырманға ұсынылды. Кітапта негізінен қоғамның әртүрлі салаларында орын алған маңызды оқиғалар мен тұлғалар жайында терең зерттеулер, сондай-ақ, ұлттың рухани құндылықтары мен тарихи мұралары жайындағы мақалалар кеңінен орын алған. Бұл жинақтың мазмұны шын мәнінде қоғамдық ой мен сананың тереңдігіне бағдар береді, әрі оқырмандарға тарихымызды жаңа көзқараспен тануға мүмкіндік береді.

Шымкенттегі тұсаукесер жиыны қоғамда үлкен қызығушылық туғызды. Осы кітаптың шығуы Ғалымжан Елшібайдың журналистік жолының шыңы ғана емес, сонымен қатар қазақ руханиятына қосқан үлкен үлесі ретінде бағаланады. Кітаптың негізгі бөлігі қазақтың ұлы тұлғалары мен тарихын зерттеуге арналған. Елшібайдың әр жылдары жазған мақалалары мен сұхбаттары оның ұлттық тақырыптарға деген терең қызығушылығын көрсетеді. Мәселен, «Тұғырлы тұлғалар» тарауының өзі үлкен ғылыми құндылыққа ие. Бұл бөлімде қазақтың ұлы қайраткерлері мен қоғам қайраткерлерінің өмірі мен еңбегі жайында қызықты және терең зерттеулерді оқуға болады.

Сондай-ақ, кітапта публицистикалық шығармалар мен жырлар да бар, олар Ғалымжан Елшібайдың адам мен қоғамға деген көзқарасын, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді қалай түсінетінін көрсетеді. Оның шығармашылығында тіл мен дін мәселесі, қоғамдағы өзекті мәселелерге деген көзқарастар ашық әрі батыл көрініс табады. Жинақтың көпшілікке арналған сипаты мен рухани байлығы оқырмандарға терең ой салатын, рухты көтеретін әсер қалдырады.

Алдағы уақытта Ғалымжан Елшібайдың шығармашылығы жаңа буын журналистері мен қаламгерлер үшін үлкен өнеге болатыны сөзсіз. Оның әрбір мақаласы мен жазбасы өз заманындағы маңызды мәселелерге көңіл бөліп, халықтың рухани және мәдени дамуына үлкен үлес қосады. Осы тұсаукесер арқылы халық, әсіресе жас ұрпақ оның шығармашылығын танып, өздерінің ұлт және қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуге бір қадам жақындады.

Пікір жазу