Жапонияның Токио қаласында өткен XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындарында Шымкент қаласының спортшылары табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына екі жүлде салды. Еркін күрестен Шадияр Пернеш алтын, Сабыржан Рсалы қола жүлдеге ие болған еді. Тарихи жеңіске жеткен спортшыларды бүгін Шымкент халықаралық әуежайынан күтіп алу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев, жаттықтырушылар және жанкүйерлер қатысып, спортшыларға құрмет көрсетті.
Қала әкімінің орынбасары С.Құранбек палуандар және оның бапкерін мәртебелі жетістіктерімен құттықтап, бұл жеңіс спорт мектептері мен бапкерлер құрамының жүйелі жұмысының, сондай-ақ, спортшылардың табандылығы мен шеберлігінің айқын дәлелі екенін айтты. Шаһарда сурдлимпиадалық спорт түрлерін дамытуда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Спортшыларға қажетті жағдайлар жасалып жатыр.
2025 жылдың 15-26 қараша аралығында өткен дүбірлі бәсекеде 80 елден 3000-ға жуық спортшы бақ сынады. Еркін күрес бойынша Қазақстан құрамасы бұл додада 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль иеленді. Ұлттық құрама қоржынына түскен жалғыз алтын медальді Шымкент қаласының спортшысы Шадияр Пернеш жеңіп алды. 65 келі салмақ дәрежесінде күрескен Шадияр жарысты аса сенімді өткізді. Ол барлық қарсыластарынан айқын басым түсіп, финалда ирандық спортшыдан да айласын асыра білді. Ал, 86 келі салмақта сынға түскен Сабыржан Рсалы жартылай финалда Украина палуанына есе жіберіп алды. Ал, қола жүлдеге таласта грекиялық Николас Иосифидисті қапы қалдырып, қола жүлдеге қол жеткізді.
Екі балуан да Шымкент қаласының №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің шәкірттері. Жазғы Сурдлимпиада ойындарында тарихты жазып жатқан қос балуанның орны ерек. Шымкент қаласынан алғашқы Сурдлимпиада жүлдегері атанған да осы жерлестеріміз еді. Араға үш жыл салып, Шадияр Пернеш алтын жүлдемен тарихқа атын жазды.
Айта кетсек, Сурдлимпиада – есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы бәсеке. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 8 спорт түрінен қатысып (грек-рим күресі, еркін күрес, суда жүзу, таэквондо, дзюдо, үстел теннисі, жеңіл атлетика және бадминтон), отандастарымыз жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Өз жетістіктерін әлемге танытқан Шымкент қаласының спортшыларының жеңісі тек спорт әлемінде ғана емес, бүкіл қала тұрғындары үшін үлкен мәртебе мен мақтаныш болып отыр. Жеңімпаздарды күтіп алу шарасы да қала әкімдігі тарапынан жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спортшылардың жетістігін бағалаумен қатар, дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жандандыруға жол ашты. Бұл жеңіс Шымкенттің мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорт мектептерінің жоғары деңгейде жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Әлеуметтік жағдайы шектеулі жандардың спортқа қатысу мүмкіндіктері артқан сайын, олардың да үлкен жетістіктерге жететіндігіне сенімділік нығаяды.
Қала әкімдігі спорт саласына ерекше көңіл бөліп, мүгедектігі бар спортшыларды қолдау мақсатында түрлі жобалар мен шаралар ұйымдастырып келеді. Жас спортшыларға барлық жағдай жасалып, оларды алдағы халықаралық жарыстарға дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жеңіске жеткен Шадияр Пернеш пен Сабыржан Рсалы осы еңбек пен қолдаудың жемісі ретінде халықаралық ареналарда өздеріне лайықты орындарын тапты. Шымкентте осындай жеңімпаздарды тәрбиелеп шығару қала тұрғындары үшін зор қуаныш пен маңызға ие.
Алдағы уақытта да қалада спорттың барлық түрлерін дамытуға бағытталған шаралар жалғасып, осы жетістіктерді жаңа белестермен толықтыру мақсатында барлық күш-жігер жұмсалатын болады. Қала әкімдігі мен спорт ұйымдары бірлесе отырып, мүгедектігі бар азаматтарды түрлі спорттық жарыстарға қатыстыруды және олардың халықаралық деңгейде танылуына қолдау көрсетуге дайын. Бұл Шымкент қаласының келешекте де спорт саласындағы жетістіктерін арттыруға бағытталған ауқымды жоспарлардың бір бөлігі болып табылады.