Бүгін Шымкент қаласында Прокуратура күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға прокуратура органдарының басшылығы, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Бұл күні құқықтық тәртіпті сақтау жолында қажырлы еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі ерекше аталып, ведомстволық марапаттар табысталды.
Салтанатты жиында қала прокуроры қызметкерлердің өз ісіне адал қызмет етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлін атап өтіп, олардың еңбегіне ризашылығын білдірді. Жас мамандарға қолдау білдіріліп, прокуратура ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Шымкент қаласы прокурорының көмекшісі Берік Еркін іс-шараның маңызын атап өтіп «Прокуратура саласында адал еңбек етіп, заң мен тәртіп тұжырымдамасына үлес қосып жүрген қызметкерлер бүгін лайықты марапатталды. Биыл қала прокуратурасы Президентіміз ұсынған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында кешенді жоспар бекітіп, осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді», деді.
Салтанатты жиында Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Ерлан Сәдібеков те «Мінсіз қызметі үшін» медалін тағынды. Салмақты мінезді, жауапкершілігі жоғары, тәжірибесі мол маман ретінде танылған ол прокуратура саласында он бес жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Әріптестерінің айтуынша, ол істерді терең зерттеп, әрбір құқықтық шешімді әділдік пен заң талабына сүйене отырып қабылдайтын білікті прокурор.
Өзі де марапаттау сәтіндегі толғанысын жасыра алмады. Мұндай марапат оның саладағы жауапкершілігін екі есе салмақтай түскенін айтады. «Прокуратура саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілік, екінші жағынан халыққа пайдаң тигенін сезіну – үлкен қуаныш. Қызмет барысында аса ауыр және орта санаттағы істерге жиі тап боламыз. Біреулер қылмысты саналы түрде жасаса, енді бірі білместікпен жаза басады. Бірақ біз ұстанатын қағида бір. Заңды білмеу жауаптылықтан босатпайды», дейді ол. Ал бүгінгі марапат өзі үшін үлкен құрмет екенін қуана жеткізді.
Ерлан Сәдібековтің қызмет жолындағы ерекше жұмыстардың бірі – Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іс. Ол қала прокурорының сенімімен осы істің процессуалдық прокуроры болып тағайындалған. «Алты ай бойы сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот процесі барысында ауқымды жұмыс атқардық. Ұсталған азаматтардың әрқайсысынан жауап алу кезінде олардың ішінде қылмысқа саналы түрде барғандары да, үгіттеудің әсерімен білмей ергендері де болды. Бір жағынан жүрегің ауырады. Бірақ, заң бәріне ортақ. Әр азамат заң алдында өз жауапкершілігін алды», деп еске алды ол. Ал 2017 жылы қызмет барысында жолыққан тағы бір есте қаларлық ісі аса ауыр санаттағы қылмыс бойынша күдікке ілінген азаматқа қатысты күзетпен ұстау шарасы қолданылғанына қарамастан, Ерлан Сәдібеков кезекшілік кезінде тергеуді қайта қарап, істің мән-жайын мұқият зерттеу арқылы күдіктінің сол қылмысты жасамағанын толық дәлелдеп шыққан.
Марапаттау рәсімі прокуратура қызметкерлерінің еліміздің заңдық жүйесіндегі маңызды рөлін тағы бір мәрте атап өтуге мүмкіндік берді. Бұл шара қазақстандық құқық қорғау органдарының адал қызметкерлерінің қажырлы еңбегін мойындап, олардың қызметі мен жауапкершілігін жоғары бағалауға бағытталған. Прокуратура саласында әрбір маманның үлесі, әрдайым заңдылық пен әділдік жолында жасаған жұмысы, мемлекет пен қоғам үшін өте маңызды. Мұндай марапаттар — тек жеке қызметкерлердің жетістіктерін мойындау ғана емес, сонымен бірге қоғамда заңға деген сенімді нығайтуға да ықпал етеді.
Ерлан Сәдібековтің қызмет жолындағы ерекше оқиғалар мен оның қылмыстық істерді әділ қарауы прокуратура саласында тек тәжірибе ғана емес, сондай-ақ жоғары моральдық жауапкершілік пен батылдықты талап ететінін көрсетеді. Ол көптеген күрделі істерді терең зерттеп, заңды сыйлау мен әділдік қағидаттарына беріктігін танытты. Мұндай мамандардың еңбек жолы қоғамдағы әділеттіліктің басты негізі болып табылады. Өзінің жұмысында жоғары кәсібилікті көрсеткен прокурорлар мемлекеттік құқық қорғау жүйесіне деген құрмет пен сенімді арттырады.
Бұл марапаттар мен салтанатты жиындар тек прокуратура қызметкерлерінің өздерінің кәсіби жетістіктерін атап өту ғана емес, сондай-ақ олардың ел үшін маңызды қызметін бағалаудың бір жолы. Жылдар бойы күрделі істер мен қиындықтарды жеңіп шыққан мамандардың еңбегі мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің мықты әрі тұрақты болуына қосқан зор үлес болып табылады. Осындай іс-шаралар құқық қорғаушылардың кәсіби мәртебесін көтеріп, олардың еңбектерін қоғамға танытуға мүмкіндік береді.