Мегаполисте көшелер мен жолдарды жарықтандыру жұмысы соңғы 2 жылда 40 есе ұлғайып, рекордты көрсеткішті қамтыды. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында баяндады.
– Тұрғындарға қолайлы орта құрумен бірге, қала қауіпсіздігі үшін түнгі жарықтандыру мәселесі де өте маңызды. 2023 жылға дейін Шымкентте жыл сайын орта есеппен 115 көше жарықтандырылып, қамту деңгейі 30 пайызды құраған. Жалпы, сол кезеңге дейін 2 028 көше жарықтандырылған болатын. Ал соңғы екі жылда осы бағыттағы жұмыс көлемі 40 есеге ұлғайтылып, қосымша 4 686 көше жарықтандырылды. Нәтижесінде түнгі жарықтандыру көрсеткіші жыл соңына дейін 100 пайызды құрайды, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Бұл бағытта 2024-2025 жылдар аралығында көшелердің бойына 95 223 жарықшамы орнатылды.
2024-2025 жылдары кешенді паспорттау жұмысы жүргізіліп, қазіргі таңда Шымкенттің жол желісі бойынша жалпы ұзындығы 3 840 шақырымнан асатын 6 882 көше бар.
Шымкент – дамуы қарқынды, уақытпен үндесе жаңарып келе жатқан мегаполис. Соңғы екі жылда қалада атқарылған инфрақұрылымдық өзгерістер үлгі боларлық жаңа стандарт қалыптастырды.
Шымкенттің көшелерін толық жарықтандыру — қала дамуының маңызды кезеңі. Бұл тек қала инфрақұрылымын жетілдіріп қана қоймай, әлеуметтік тұрғыда да елеулі өзгерістерге әкелді. Қаланың ауқымды жаңаруы мен заманауи инфрақұрылым құрылыстары тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, қаланың қонақтарына да қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, түнгі жарықтандырудың арттыруы қоғамдық көлік жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдық орындарда адамдардың өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, қаладағы тұрғындардың өмір сапасын арттырып, жұмыс пен демалыс арасында теңгерім орнатуға ықпал етеді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, бұл жұмыстар қалаға қатысты жаңа стандарттарды қалыптастырып отыр. Бұған дейін жыл сайын 100-150 көше ғана жарықтандырылса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш айтарлықтай артты. Жолдардың толық жарықтандырылуы қала тұрғындарының күнделікті өмірін жеңілдетеді, сондай-ақ, қаладағы қылмыстық жағдайды төмендетуге, түнде қала көшелерінде қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға әсер етеді. Қаладағы жарықтандыру жұмыстарының кеңеюі мегаполистің дамуының маңызды элементі болып отыр, бұл қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайына оң ықпал етеді.
Бұдан басқа, Шымкенттің дамуына қатысты барлық осы шаралар инфрақұрылымдық жаңартулар мен модернизацияларды жалғастыруға мүмкіндік береді. Мұндай кешенді өзгерістердің қала экономикасына да оң әсері бар. Өйткені заманауи инфрақұрылым жүйесі жаңа инвесторларды тартуға және Шымкенттің бизнес орталығы ретінде танылуына ықпал етеді. Көшелерді жарықтандыру жұмыстарының арқасында қала халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи мегаполис болуға бір қадам жақындады. Жаңарған көшелер мен инфрақұрылымдар қала тұрғындарының өмірін ғана жеңілдетпей, Шымкентті болашақта тағы да үлкен өзгерістер мен жетістіктер күтіп тұрған қалаға айналдырады.