Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Цитадель» деректі фильмінің салтанатты көрсетілімі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындарын Ұлы Отан соғысы жылдарында Брест қамалын қорғаған, Шымкент қаласының тумасы Қасым Жарменовтің ерлік жолымен таныстыру, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы мен ортақ тарихи жадының маңызын терең ұғындыру болды.
Көрсетілімге жиналған қонақтарды әскери бөлімнің оркестрі қарсы алып, ғимарат фойесінде соғыс жылдарының әуендері мен қазақтың халық музыкасы орындалды. Экрандарда «Цитадель» фильмінен үзінділер мен түсірілім барысынан кадрлар көрсетілсе, екінші қабаттағы холлда Брест қамалының архивтік фотосуреттері, Жарменовтер әулетінің отбасылық мұрағатынан алынған сирек деректер және соғысқа дейінгі Шымкент қаласының фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Фильм көрсетілімі алдында Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы басшысының м.а. Заңғарбек Үсіпахметов құттықтау сөз сөйлеп, бұл жобаның рухани әрі тарихи мәніне ерекше тоқталды. Сондай-ақ «Бүгін біз үшін маңызды әрі толғандырар сәт. «Цитадель» – бұл бір ғана отбасының немесе бір адамның тарихы емес, бұл – мыңдаған қазақстандық жауынгердің тағдыры мен ерлігінің көрінісі. Мұндай туындылар өткен мен бүгіннің арасын жалғайды, ал жас ұрпақ үшін нағыз тағылым мектебі бола алады», – деді ол.
«Цитадель» деректі фильмі бұған дейін Алматы және Мәскеу қалаларында сәтті көрсетілген. Мәскеудегі көрсетілімге Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Даурен Абаевтың қатысуы жобаның мемлекетаралық деңгейдегі маңызын айқындады.
Фильмде Қасым Жарменовтің Брест қамалындағы ерлігімен қатар, соғыстан кейінгі бейбіт өмірі, туған жері Шымкентке оралып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде жас ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі кеңінен баяндалады. Сонымен қатар оның ұрпақтары – Денис пен Тимур Жарменовтердің отбасы тарихы арқылы өткенге жасаған сапары көрерменді терең ойға жетелейді. Фильм адамдарды уақыт пен шекарадан асатын құндылықтар – борыш, жады, отансүйгіштік пен бейбітшілік идеялары төңірегінде ойлануға шақырады.
Айта кету керек, «Цитадель» – Қазақстан мен Ресейдің бірлескен мемлекетаралық жобасы. Бұл туынды ортақ тарих пен тағдыр тоғыстырған халықтардың рухани байланысын нығайтуға бағытталған. Алдағы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында фильм «Тұран» телеарнасынан көрерменге жол тартатын болады.