Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету бағытында тұрғын үй және газ техникалық инспекция саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мен Шымкент қалалық газ техникалық қызметі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірлескен іс-шаралары газ қауіпсіздігін сақтау, тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру және лифт шаруашылығын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Газбен байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында қала тұрғындары арасында кең көлемді түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы бұл бағытта 90 насихаттық іс-шара, 115 брифинг, мақала және әлеуметтік желідегі жарияланым, сондай-ақ 42 жиналыс пен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, тұрғындарға 190 мың дана жадынама таратылған. Ақпараттық материалдар бұқаралық ақпарат құралдары мен Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде тұрақты түрде жарияланып келеді.
Сонымен қатар, газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар да күшейтілген. 2025 жылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабы бойынша 103 жеке тұлға, ал 305-бап бойынша 18 заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,9 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Қалада орын алған газдан улану фактілеріне талдау жүргізіліп, қауіпті және тәуекел аймақтары белгіленген. Нәтижесінде, газ техникалық қызмет мамандары 190 мың үйді аралап, тексеру барысында 2835 ақау анықтады. Оның 601-і жойылып, қалған 2234 үйде жұмыстар жалғасуда.
Тұрғын үй инспекциясы саласында да маңызды өзгерістер бар. Қала аумағында 2595 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. Оның ішінде 1587 үй басқару нысанын таңдауға міндетті. Қазіргі таңда 138 мүлік иелері бірлестігі және 374 тікелей бірлесіп басқару нысаны құрылғанымен, 1075 үй әлі де басқару формасын анықтамаған. Осыған байланысты жергілікті атқарушы орган тұрғындармен кездесулер өткізіп, заңнамалық өзгерістерді түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.
Лифт қауіпсіздігі де басқарманың тұрақты бақылауында. Қалада барлығы 1370 лифт жұмыс істейді. 2025 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 27 лифтіні ауыстыруға бюджеттен қаражат бөлініп, қазіргі таңда зауыттардан жаңа лифтілерге тапсырыс берілген. Сонымен қатар, 2026 жылы тағы 23 лифтіні жаңарту жоспарланып отыр.
Лифт шаруашылығына жауапты мекемелердің жұмысын жедел үйлестіру мақсатында олар «Айкөмек 109» бірыңғай байланыс орталығымен интеграцияланған. Жыл басынан бері тұрғындардан лифт жұмысына қатысты 743 шағым түсіп, оның 739-ы шешімін тапқан, ал қалған өтініштер бақылауда.
Атқарылып жатқан бұл шаралар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.