Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТА САПАСЫ НАЗАРДА: ШЫМКЕНТТЕ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАН НЫСАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТА САПАСЫ НАЗАРДА: ШЫМКЕНТТЕ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАН НЫСАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Шымкент қаласында қалалық орта сапасы мен құрылысқа бақылау күшейтілуде. Қала әкімдігіне қарасты Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы 2025 жылдың 11 айында сәулет-құрылыс саласында ауқымды мониторинг жүргізіп, заңсыз және талапқа сай келмейтін құрылыс нысандарына қатысты жүздеген әкімшілік шара қолданған.

Басқарманың мәліметінше, жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы жөнінде 1909 хабарлама түскен. Оның 1309-ы басқарма реестріне тіркелсе, 600 хабарламаға бас тарту берілген. Сонымен қатар, нысандарды пайдалануға қабылдау актілеріне қатысты 1721 өтініш қаралып, тек 642-сі ғана мақұлданған. Қалған 1079 өтініш заң талаптарына сәйкес келмегендіктен кері қайтарылған.

Лицензиялау және аттестаттау бағытында да бақылау күшейген. 11 айда құрылыс саласына қатысты 479 лицензиялық өтініш түскен. Нәтижесінде 40 лицензия беріліп, 181-і қайта рәсімделген, ал 61 өтінішке бас тартылып, 197 өтініш кері қайтарылған. Бұған қоса, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында 196 сарапшыға аттестат берілген.

Әкімшілік бақылау нәтижесінде 178 құрылыс нысаны бойынша 422 құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 102,3 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Оның 80,5 млн теңгесі өндірілген. Айыппұлдардың басым бөлігі заңсыз құрылысқа қатысты. Атап айтқанда, 125 нысан бойынша 369 хаттама толтырылып, 70,7 млн теңге айыппұл салынған.

Аудандар бойынша алғанда, құқық бұзушылықтар Абай, Әл-Фараби, Тұран және өзге де аудандарда тіркелген. Сонымен қатар, құрылыс сапасына байланысты 38 нысанға, ал үлестік қатысу туралы заң талаптарын бұзған 15 тұрғын үй кешеніне қатысты істер сотқа жолданып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Мониторинг барысында қала аумағында 185 құрылыс нысанында заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 102 нысан қажетті құжаттарсыз құрылыс жүргізген. Қазіргі таңда олардың бір бөлігіне шара қолданылып, қалған нысандар бойынша тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, басқарма тарапынан 25 құрылыс нысаны бойынша сотқа талап арыз жолданып, оның 11-і қанағаттандырылған. Сот шешімімен Әл-Фараби, Абай және Еңбекші аудандарында орналасқан бірқатар заңсыз құрылыс нысандары толықтай бұзылған.

Қабылданып жатқан шаралар қаланың сәулеттік келбетін сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс саласындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Пікір жазу