Бүгінде Шымкент қаласында тұрғындарға 16 626 медицина маманы халық денсаулығы жолында қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 5 289-ы – дәрігер, ал 11 337-сі – орта буынды медициналық қызметкер. Бұл мегаполистің медициналық әлеуеті жылдан-жылға нығайып келе жатқанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш. Анықтама ретінде айта кетсек, қала халқының саны жыл басынан бері 1,9 пайызға артқан. Нақтырақ айтқанда, 2025 жылғы 1 қаңтарда Шымкент тұрғындарының саны 1 254 642 болса, 1 желтоқсанда бұл көрсеткіш 1 278 514 адамға жеткен. Халық санының өсуі медициналық қызметке деген сұраныстың да артуына ықпал ететіні сөзсіз.
– Дәрігерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші бойынша Шымкент республикалық деңгейден жоғары нәтиже көрсетіп отыр. Қазақстан бойынша 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлер саны 40,6 болса, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 41,6-ға тең. Ал орта буынды медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші елімізде 10 мың адамға 95,2 болса, қалада 89,1 деңгейінде қалып отыр, – дейді Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалыбеков.
Бұл мәліметтер Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында айтылып, қаланың денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты таныстырылды. Қалада медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 59 ұйым жұмыс істейді. Оның 14-і – мемлекеттік, 45-і – жекеменшік медициналық мекеме. Тіркелген тұрғындар санына келсек, мемлекеттік ұйымдарға 598 639 адам, ал жекеменшік ұйымдарға 679 875 адам бекітілген. Бұл тұрғындардың медициналық ұйымды таңдау мүмкіндігі кеңейгенін аңғартады. Сонымен қатар, қала аумағында тәуліктік стационарлық көмек көрсететін 47 медициналық мекеме бар. Оның ішінде 15-і – мемлекеттік, 32-сі – жекеменшік. Бүгінде тәуліктік стационарлардың жалпы төсек-қоры 4 870 орынды құрайды. Оның 3 781-і – мемлекеттік, 1 089-ы – жекеменшік медициналық ұйымдарға тиесілі. Ал күндізгі стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар саны 137-ге жеткен. Жалпы төсек-қор саны 2 505 орын, оның ішінде 769-ы – мемлекеттік, 1 736-сы – жекеменшік сектор үлесінде. Жалпы алғанда, Шымкент қаласында медициналық инфрақұрылым жүйелі түрде дамып, халыққа көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға басымдық беріліп келеді. Бұл – тұрғындар денсаулығын қорғауға бағытталған нақты қадамдардың жемісі.