Түркістан қаласына кіреберіс аумақта бой көтеріп жатқан шығыстық нақыштағы еңселі мешіттің құрылысы мәресіне таяп қалды,– деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Әлемдік озық сәулет үлгілері мен заманауи технологиялар ұштастырылған бұл нысан шаһардың сәулеттік келбетін айшықтап, рухани өміріне серпін беретін ірі орталықтардың біріне айналмақ.

Қала қақпасынан көзге бірден шалынатын мешіт сәулетімен ғана емес, мағыналық мазмұнымен де ерекшеленеді. Жоба авторлары шығыстық классикалық стиль мен қазіргі заман талаптарын үйлестіре отырып, ғибадат орнының тек құлшылық жасайтын мекен ғана емес, рухани тынығу, бірлік пен ынтымақты нығайтатын кеңістік болуын мақсат еткен. Осы тұрғыдан алғанда, мешіт Түркістанның тарихи-рухани мәртебесіне сай келетін маңызды нысан ретінде бағаланып отыр.
Қазіргі таңда мешіттің қасбетіне әрлеу жүргізу, мұнараларын орнату, электр және сумен жабдықтау желілерін тарту, сондай-ақ терезелерін орнату жұмыстары толық аяқталған. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Атап айтқанда, намаз залдарының ішкі безендірілуі, инженерлік жүйелерді ретке келтіру, жарықтандыру элементтерін орнату сынды жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Құрылыс алаңында 30-дан астам жұмысшы мен 9 арнайы техника тұрақты түрде еңбек етуде.
Заман талабына сай салынып жатқан нысанның құрылыс барысымен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы барып танысты. Қала басшысы құрылыс сапасына, қолданылып жатқан материалдардың талапқа сай болуына ерекше назар аударып, жауапты сала өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар мешіт маңын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жандандырып, жасыл желек көлемін арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл мешіт аумағын қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі тартымды етуге бағытталған.
Жобаға сәйкес, мешіт бір мезетте 5 мың адамды қабылдай алады. Ислам орталығының жалпы аумағы 4 650 шаршы метрді құрайды. Биіктігі 61 метрлік мұнаралармен көмкерілген сәулетті ғимараттың жер көлемі 7,7 гектарды алып жатыр. Мұндай ауқымды нысан алдағы уақытта тек діни мерекелер мен жұма намазында ғана емес, ел бірлігіне, рухани тәрбиеге бағытталған түрлі шаралардың өтуіне де мүмкіндік береді.

Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан қаласында рухани және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қаланың туристік және мәдени әлеуетін арттырумен қатар, тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандыруға да оң әсерін тигізіп отыр.
© Didarbek.kz