Түлкібас ауданына қарасты «Бәйтерек-2030 KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қытай Халық Республикасынан арнайы әкелінген заманауи тауарлы бетон өндіретін құрылғыны іске қосып, өндіріс жұмысын ресми түрде бастады, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Бұл – аудан үшін аса маңызды әрі бұрын-соңды болмаған өндірістік жоба. Себебі осы уақытқа дейін Түлкібас өңірінде дәл осындай тауарлы бетон шығаратын кәсіпорын болмаған.

Жаңа қондырғының өндірістік қуаты тәулігіне 800 текше метрге дейін бетон өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын өнімін аудан аумағында орта есеппен 23 500 теңге бағамен жеткізіп беруді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде құрылыс нысандары үшін қолжетімді баға қалыптастырып, сырттан тасымалданатын бетонға тәуелділікті азайтпақ. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне де оң әсер етеді.
Aталған кәсіпорынға Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев салаға жауапты мамандарымен бірге арнайы барып, өндіріс барысымен танысты. Аудан басшысы цехтың жұмысын көзбен көріп, жаңа технологияның мүмкіндіктеріне назар аударды. Кәсіпкермен әңгіме барысында өндірістің алдағы даму жоспарлары талқыланып, аудан экономикасына қосар үлесі айтылды.
Кәсіпорынның басты артықшылықтарының бірі – шикізат көзінің өз аумағында орналасуы. Қазіргі таңда серіктестіктің Жабағылы ауылының маңында жеке карьері толық жұмыс істеп тұр. Мұнда ірі тастарды ұнтақтауға арналған заманауи құрылғы орнатылып, жылына 60–70 мың тонна көлемінде бетон өндірісіне қажетті шикізат дайындалады. Бұл өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Ал бетон өндірісі Ақбиік ауылында орналасқан. Бұл жерде жылына орта есеппен 62 миллион теңгенің құрылысқа аса қажетті бетоны шығарылады. Сонымен қатар кәсіпорын құрылыс саласына таптырмас құм, құм аралас тас, майда тас (щебень) өндірумен де айналысады. Яғни, бір өндіріс орны бірнеше бағытта жұмыс істеп, ауданның құрылыс нарығын толықтай дерлік қамтуға қауқарлы.
Аудан әкімі Асқар Естібаев кәсіпкердің жаңа бастамасына сәттілік тілеп, мемлекет тарапынан қолдау қажет болған жағдайда тиісті көмектер көрсетілетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өндіріс орындары ауданның индустриалды-инновациялық дамуына серпін беріп, жергілікті экономиканы нығайтады.
Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін 25 адам еңбек етіп келген шағын кәсіпорында тауарлы бетон жүйесі іске қосылғаннан кейін қосымша 10 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Бұл жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына да оң ықпал етуде. Кәсіпорын алғашқы өнімін ауданда салынып жатқан «Қарқын трейд» құс фабрикасының қалау жұмыстарына жеткізуге тапсырыс алған.

Жалпы алғанда, бұл өндіріс ошағы құрылыс саласына тың серпін беріп қана қоймай, жергілікті нарықты сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге, логистикалық шығындарды азайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл – Түлкібас ауданының индустриалды-инновациялық дамуы жолындағы нақты әрі маңызды қадам.
© Didarbek.kz