Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде қала өмірінің екі маңызды бағыты – білім беру саласын цифрландыру және жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Жиында атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелері сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.

Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ыскаковтың баяндамасында қалада білім сапасын арттыру үшін басқарма мен оған қарасты ұйымдардың қызметін толық цифрландыру бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Оның сөзінше, ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында білім беру жүйесінің барлық деңгейін қамтитын, кадрлық, қаржылық және басқарушылық үдерістерді біріктірген «QARQYN» атты бірыңғай интеграциялық жүйе енгізілген. Бұл платформа қолданыстағы ақпараттық жүйелермен өзара үйлестіріліп, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сай жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласында цифрлық шешімдерді енгізу нәтижесінде бірқатар тәуекелдер анықталып, жойылған. Ваучерлік қаржыландыруды талдау барысында негізсіз есептеулер алынып тасталып, мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік туған. Бұл өз кезегінде бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына жол ашты.

Кеңесте сондай-ақ 34 мыңнан астам білім беру ұйымы қызметкерлерін қамтитын «Sana» тарификациялық базасының енгізілгені айтылды. Аталған жүйе оқу жүктемесінің негізсіз артуын, жасырын бос жұмыс орындарын және артық төлемдерді анықтауға мүмкіндік беріп, кадрлық әрі қаржылық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуде.
Қауіпсіздік пен оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қаладағы барлық мектептерде бейнебақылау мен биометриялық бақылауды біріктіретін «Айқын» интеллектуалды жүйесі енгізілген. Білім беру ұйымдары полицияның Жедел басқару орталығына қосылып, қауіпсіздік деңгейі едәуір артты. Ал ыстық тағамды биометриялық есепке алу арқылы ұйымдастыру нәтижесінде 2025 жылы 540 млн теңге бюджет қаражаты үнемделген.

Кеңес барысында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов 2025 жылғы цифрлық паспортизация қорытындысына тоқталып, қала аумағында топырақ жолдардан асфальт жолдарға толық көшу процесі аяқталғанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш Шымкенттің инфрақұрылымдық дамуы жолындағы маңызды кезеңнің бірі ретінде бағаланды.
© Didarbek.kz