Шымкент қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Данабек Исабек пен Нұрсұлтан Байтілесов жергілікті жастармен ашық форматта кездесу өткізді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Еркін пікір алмасуға құрылған басқосуға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық партия филиалының төрағасы Наргиза Керімбаева, қалалық мәслихат депутаты Бақытжан Позилов, сондай-ақ Жастар басқармасының басшысы Азамат Парманов қатысып, жастарды толғандырған өзекті мәселелер ортаға салынды.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Данабек Исабек Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, жастар саясатына қатысты қабылданып жатқан заңнамалық бастамалар мен нақты шешімдер жөнінде баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда заң шығару процесінде жастардың білім алуына, жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлік бастамаларына және әлеуметтік қолдауға басымдық беріліп отыр.
– Парламентте қабылданып жатқан заңдар ең алдымен халықтың, соның ішінде жастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Біз үшін жастардың ұсыныс-пікірлері аса маңызды. Себебі елдің ертеңі – бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан сіздердің ойларыңыз бен бастамаларыңыз әрдайым назарда болады, – деді Данабек Исабек.
Жиын барысында белсенді жастар өздерін толғандырып жүрген бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында алғаш рет жұмысқа орналасқан жастарға төленетін қаржы көлемінің төмен екені айтылып, бұл бағытта қолдауды күшейту қажеттігі ұсынылды. Сонымен қатар, жастарды кәсіпкерлікке баулу, стартап жобаларды қаржыландыру, жеңілдетілген несие мен гранттар беру тетіктерін жетілдіру мәселелері қозғалды.

Кездесуде сөз алған Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов те жастардың белсенділігі мен бастамашылдығы ел дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтіп, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруда кері байланыстың рөлі зор екенін жеткізді. Оның айтуынша, осындай ашық кездесулер арқылы нақты ұсыныстар жинақталып, заңнамалық деңгейде қарастырылуға мүмкіндік туады.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңадан құрылған Жастар басқармасының алдағы жоспарларына тоқталып, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жұмыспен қамту және шығармашылық әлеуетін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылатынын айтты. Сондай-ақ, жастарға арналған жобалар мен бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.

Кездесу соңында жастар осындай ашық форматтағы басқосулардың маңыздылығын атап өтіп, халық қалаулыларына өз ұсыныс-пікірлерін тікелей жеткізуге мүмкіндік жасағандары үшін алғыстарын білдірді. Айтуларынша, мұндай кездесулер жастардың мемлекет басқару ісіне деген сенімін арттырып, азаматтық белсенділігін күшейтуге ықпал етеді.
© Didarbek.kz