2026 жылғы 12 қаңтар күні Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, күн тәртібінде аудан аумағында салынып жатқан өндірістік алаңдардың қазіргі жағдайы, оларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету барысы және елді мекендердегі көше жарықтандыру жұмыстарының орындалу деңгейі жан-жақты талқыланды, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және жауапты сала жетекшілері қатысты.

Аудан әкімі жиынды ашу барысында өндірістік алаңдарды дамыту – аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өндіріс орындарының уақтылы іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, аудан бюджетінің кіріс көзін ұлғайтуға және шағын әрі орта кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін қадап айтты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Шакиров Сұлтанғали мен Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қанағат Асылбек баяндама жасап, өндірістік аймақтардың жай-күйі туралы кеңінен ақпарат берді. Баяндамаларда өндірістік алаңдарға электр энергиясы, ауыз су, табиғи газ, жол инфрақұрылымы және басқа да инженерлік желілерді жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ кездесіп отырған өзекті мәселелер қозғалды. Жауапты бөлім басшылары инфрақұрылымдық жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын, кейбір нысандарда жұмыстарды жеделдету қажеттігін атап өтті.

Екінші мәселе – көше жарықтандыру жұмыстары бойынша Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Оспанов Шынболат есеп берді. Ол аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, елді мекендердегі жаңа жарық шамдарын орнату, ескірген шамдарды ауыстыру және жарықтандырылмаған көшелерді кезең-кезеңімен қамту барысын баяндады. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін арттырып, түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті сақтауға оң әсер ететіні айтылды.

Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты сала басшыларына өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды, көше жарықтандыру бойынша анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды және барлық жобалардың сапасы мен мерзіміне ерекше бақылау орнатуды тапсырды. Сондай-ақ, әрбір тапсырманың нақты нәтижесі болуы керектігін ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
© Didarbek.kz