Түркістан қаласында 2025–2026 жылғы жылыту маусымының өту барысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында. Қазіргі таңда облыс орталығында орналасқан 12 261 тұтынушы жылумен толық әрі тұрақты қамтамасыз етіліп отыр, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Олардың қатарында 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік мекеме, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке тұрғын үй бар. Жылу беру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, тұрғындар тарапынан айтарлықтай шағым тіркелмеген.

Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына арнайы барып, орталық қазандықтардың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы жылыту жүйесінің техникалық жағдайын, отын қорының жеткіліктілігін және апаттық жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жіті бақылап шықты. Сонымен қатар жауапты тұлғаларға жылыту маусымының үздіксіз әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімі өз сөзінде қыс мезгілінде тұрғындардың жайлы өмір сүруі ең алдымен жылу жүйесінің тұрақты жұмысына байланысты екенін атап өтті. Осы ретте отын қорын алдын ала жеткілікті көлемде дайындау, техникалық құрал-жабдықтардың ақаусыз жұмыс істеуін қадағалау және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету маңызды екенін ескертті.

Айта кетейік, «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2010 жылы құрылған. Бүгінде кәсіпорын теңгерімінде 18 модульдік қазандық блогы мен 77 қазан бар. Жалпы жылу желісінің ұзындығы 56 243 метрді құрайды. Ал №1 қазандық бөлімшесінде 5 қазан орнатылған. Мұндағы магистральдық жылу жүйесінің ұзындығы 6,9 шақырым болса, ішкі орамдық жүйе 17,19 шақырымды қамтиды.
Кәсіпорын қазіргі таңда 158 нысанға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 75 көпқабатты тұрғын үй, 55 жер телімдік тұрғын үй және 28 кәсіпкерлік нысан бар. Қазандықтар тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, жылу беру процесі автоматтандырылған жүйе арқылы бақылануда. Мамандардың айтуынша, қажетті отын қоры жеткілікті және қысқы маусымға дайындық шаралары алдын ала жүргізілген.

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта да жылу жүйесінің жай-күйі тұрақты бақылауда болып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы жағдайы бірінші кезекте ескерілмек. Қысқы кезеңде туындауы мүмкін кез келген ақауларды жедел жою үшін жауапты қызметтер толық дайындықта.
© Didarbek.kz