Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңірді ағын сумен тұрақты қамтамасыз ету, су тапшылығының алдын алу және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мәселелері кеңінен қаралды, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Аймақ басшысы су мәселесі ауыл шаруашылығы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт екенін атап өтті.

Облыс әкімі вегетациялық маусым басталғанға дейін дайындық жұмыстарын толық аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, су қоймаларына қажетті көлемде су жинау, арық-атыздар мен каналдарды тазалау, дренаж жүйелерін жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау, сондай-ақ аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, бекітілген егіс құрылымына сәйкес шаруалармен ағын су бөлу жөнінде келісімшарттарға отыру қажеттігін қадап айтты. Сонымен бірге су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын арттыруды тапсырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, облыста суармалы жердің жалпы көлемі 575 мың гектарды құрайды. 2025 жылға өңірге 4,6 млн м³ ағын су лимиті бекітілгенімен, су көлемінің аз келу қаупіне байланысты бұл көрсеткіш 3,8 млн м³-ке қайта қаралған. Өткен жылы нақты алынған су көлемі 3,5 млн текше метр болып, бекітілген лимиттің 76 пайызы орындалған.

Мәжілісте айтылғандай, облыстың жылдық су пайдалану лимитінің 63 пайызы көрші мемлекеттер аумағынан келетін трансшекаралық өзендерге тәуелді. Жаһандық жылыну салдарынан бұл өзендерден келетін су көлемі жыл сайын азаюда. Өткен жылы бекітілген 3,2 млрд м³ лимиттің тек 2,8 млрд м³-і немесе 88 пайызы ғана нақты босатылған.
Қазіргі таңда облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метрді құрайды. Бүгінде су қоймаларында 4,0 млрд м³ су жиналып, бұл жалпы сыйымдылықтың 47 пайызына тең. Оның ішінде Шардара су қоймасында – 3,3 млрд м³, Көксарай су реттегішінде – 567 млн м³, Бөген су қоймасында – 169 млн м³ су бар.
Су тапшылығының алдын алу үшін жаңа су қоймаларын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бәйдібек ауданындағы «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы 75 пайызға аяқталып, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл келесі вегетациялық маусымда 9,7 мың гектар жаңа суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Төлеби ауданындағы «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы биыл аяқталып, 350 гектар жер ағын сумен қамтылады.
Алдағы жылдары Ордабасы мен Сауран аудандарында «Боралдай» және «Иқан су» су қоймаларын салу көзделіп отыр. Аталған жобалар жүзеге асса, Бөген су қоймасына қосымша 120 млн м³ ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы су мәселесін шешуге жол ашады.
Биыл Ислам даму банкінің қаржысы есебінен су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталмақ. Алғашқы кезеңде «Қазсушар» арқылы 63,2 млрд теңгеге 11 жоба, «Тұран су» кәсіпорны арқылы 73,6 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 296 шақырым канал бетонмен қапталып, 63 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтылуы жақсарады.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілген. Жыл сайын 50 мың гектар алқапқа осындай технологияларды енгізу арқылы 622,8 млн м³ су үнемдеу көзделіп отыр. Биыл Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарында 24 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 10,6 мың гектарға қатысты тауар өндірушілерден нақты ұсыныстар түскен.
© Didarbek.kz