Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің бірі – ағын су арналарының қазіргі жағдайын зерделеу мақсатында жауапты сала басшыларымен бірге су өткізу қабілетін арттыру бағытында тазарту жұмыстары жүргізілген каналдарды аралап, орындалған жұмыстардың сапасына зерделеу жүргізді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі.

Аудан басшысының жұмыс сапары барысында механикалық тазалаудан өткен су арналарының нақты жағдайы қаралып, атқарылған жұмыстардың тиімділігі бағаланды. Тазалау кезінде канал табандарында жиналған лай-қоқыстар, шөгінділер мен бөгеттер толықтай алынып, су ағысының табиғи әрі еркін жүруіне жағдай жасалған. Бұл, әсіресе, егістік алқаптарды вегетациялық кезеңде уақытылы әрі жеткілікті көлемде сумен қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Мамандардың айтуынша, мұндай жүйелі жұмыстар су шығынын азайтып, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар аудан әкімі көршілес Өзбекстан Республикасынан келіп жатқан ағын судың көлемімен де танысты. Жауапты мамандардың мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда су деңгейі қалыпты жағдайда. Дегенмен, алдағы вегетациялық кезеңде су ресурстарын тиімді пайдалану, су бөлу мәселесінде әділдік пен нақты есепке сүйену қажеттігі ерекше атап өтілді. Себебі соңғы жылдары климаттық өзгерістер мен су тапшылығы мәселесі аймақ үшін өзекті болып отыр.

Серік Үсенұлы су тапшылығының алдын алу, ысырапшылдыққа жол бермеу және шаруалардың сұранысын толық әрі уақтылы қанағаттандыру мақсатында жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, каналдарды жүйелі түрде тазалау жұмыстарын үздіксіз жалғастыру, гидротехникалық нысандардың техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, сондай-ақ су бөлу кестесін ашық әрі тиімді ұйымдастыру қажеттігін қатаң тапсырды.
Бұдан бөлек, су шаруашылығы саласында заманауи су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізудің маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта шаруалармен түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтты. Тамшылатып және жаңбырлатып суару секілді тиімді әдістерді қолдану арқылы суды үнемдеп қана қоймай, егіс өнімділігін арттыруға болатыны атап өтілді.

Жалпы алғанда, аудан аумағындағы ағын су арналарының жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, шаруалардың еңбегінің нәтижелі болуына және стратегиялық маңызы бар су ресурстарын ұқыпты пайдалануға бағытталған маңызды қадам. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
© Didarbek.kz