Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы аясында Сауран ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Осы мақсатта Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров «EURO SANDWICH PANEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қытай Халық Республикасының CHONGQING JINJIAHANG CONSTRUCTION ENGINEERING CO., LTD компаниясының өкілдерімен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында Сауран ауданы аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаның қазіргі барысы, оны одан әрі кеңейту және өндірістік қуаттылығын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Нақтырақ айтқанда, «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС-не Шаға ауылдық округі аумағынан көлемі 2,5 гектар жер телімі бөлініп, бұл аумақта сэндвич-панельдер мен металл конструкцияларын өндіретін зауыт, сондай-ақ электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы құрылғыларды шығаратын өндіріс орнының құрылысы жүргізілуде.
Аталған электр қауіпсіздігіне арналған құрылғылар жеті жыл бойы эксперименттік сынақтан өтіп, жоғары сенімділігімен және халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкестігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда бұл өнім әлемде тек Қытай Халық Республикасында ғана өндірілсе, енді осы озық технология Сауран ауданында да енгізілмек. Бұл қадам ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, болашақта экспорттық бағытты дамытуға да жол ашады.

Жобаның негізгі мақсаты – құрылыс және өнеркәсіп салаларын отандық өніммен қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және ауданның индустриялық әлеуетін күшейту. Жалпы инвестициялық құны 6,0 млрд теңгені құрайтын жоба толық іске қосылған жағдайда 65–70 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл, өз кезегінде, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға және әлеуметтік жағдайды жақсартуға оң әсерін тигізбек.
Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жобаның стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталып, электр қауіпсіздігіне арналған заманауи құрылғылардың дәл Сауран ауданында өндірілетінінің өңір үшін үлкен жетістік екенін атап өтті. Сондай-ақ ол аудан әкімдігі тарапынан инвесторларға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құжаттық рәсімдер мен ұйымдастырушылық мәселелер бойынша жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Аталған инвестициялық жоба Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа өндіріс аймағының қалыптасуына, заманауи технологиялардың енгізілуіне және өңірдің өндірістік картасында маңызды орын алуына мүмкіндік береді.
© Didarbek.kz