Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » БӘЙДІБЕКТЕГІ ЖҰЛДЫЗ ЕЛДІ МЕКЕНІ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

БӘЙДІБЕКТЕГІ ЖҰЛДЫЗ ЕЛДІ МЕКЕНІ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекеніне табиғи газ берілді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Ауыл тұрғындары үшін бұл күн көптен күткен қуанышты сәтке айналды. Себебі көгілдір отынның келуі – тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайды жақсартатын маңызды қадамдардың бірі.

Возможно, это изображение один или несколько человек и текст

Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрпеис Ақбаев қатысып, жергілікті халықтың қуанышымен бөлісті. Ол өз сөзінде елді мекендерді табиғи газбен қамту Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының нақты нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, газдандыру жұмыстары тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеріп қана қоймай, ауылдардың дамуына серпін беретінін жеткізді.

Шара барысында Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева да сөз алып, тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады. Сондай-ақ салтанатты жиынға аудан әкімдігінің өкілдері, жергілікті ақсақалдар, ауыл тұрғындары, жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының мамандары қатысты. Қатысушылар газдандыру жобасының өңір үшін маңыздылығына тоқталып, алдағы жоспарлар жайлы да пікір алмасты.

Аталған жобаны «KazBuildCo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жоба аясында жалпы ұзындығы 10,7 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылып, Жұлдыз елді мекені толықтай табиғи газ жүйесіне қосылды. Нәтижесінде Бәйдібек ауданындағы 50 елді мекеннің 39-ы, яғни 78 пайызы көгілдір отынмен қамтылып отыр. Ал аудан халқының 48 221 тұрғынының 43 778-і немесе 90,8 пайызы бүгінде табиғи газдың игілігін көруде.

Возможно, это изображение один или несколько человек

Айта кету керек, газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Биыл Ақжар, Қаратас, Тұрақты, Алмалы, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас және Шұқыршақ елді мекендерінде газ құбырларын тарту құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда, Бәйдібек ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың тұрмысын айтарлықтай жеңілдетпек.

© Didarbek.kz

Пікір жазу