Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров «Жайдарман» ойынының финалдық кезеңіне жолдама алған командалар құрамымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі. Еркін форматта ұйымдастырылған жүздесуде аудан басшысы жастармен ашық әңгіме өрбітіп, олардың өнерге, қоғамға деген көзқарасы мен белсенділігін ерекше ықыласпен тыңдады.

Кездесу барысында Мақсат Таңғатаров «Жайдарман» тек ойын-сауық алаңы ғана емес, жастардың ой-санасын қалыптастыратын, шешендік қабілетін арттыратын, қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлы әзіл арқылы жеткізетін үлкен мектеп екенін атап өтті. Аудан әкімі жастардың сахна мәдениетін меңгеріп, өз ойын еркін жеткізуі – болашақта ел басқару ісінде, қоғамдық ортада белсенді болуына жол ашатынын айтты. Сонымен қатар, финалға шыққан командаларға сенім білдіріп, алдағы шешуші ойында сәттілік тіледі.
Аталған маусымға Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтен барлығы 33 команда қатысқан. Іріктеу кезеңдері мен жартылай финал барысында командалар әлеуметтік мәселелерді, ауыл өмірін, жастар тәрбиесі, білім мен еңбек тақырыптарын әзіл-сықақ арқылы шебер жеткізіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әр кезеңде әділқазылар алқасы командалардың тапқырлығы мен сахналық мәдениетіне, ойын мазмұнына ерекше мән берген.

Нәтижесінде үздік деп танылған 7 команда финалдық кезеңге жолдама алды. Қорытынды шешуші ойын жоғары деңгейде өтіп, бас жүлде Ұлықбек атындағы жалпы білім беретін мектептің «ЖАС STAR» командасына бұйырды. Жеңімпаз команда аудан намысын қорғап қана қоймай, республикалық «Жайдарман» маусымашарына жолдама алып, үлкен сахнаға қадам басты.

Кездесу соңында аудан әкімі жастардың шығармашылығын қолдау алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізіп, мәдени-көпшілік шаралар арқылы жастардың әлеуетін ашу – аудан әкімдігінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Өз кезегінде жайдарманшылар көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдіріп, Сауран жастарының атын республика көлемінде танытуға бар күштерін салатындарын айтты.
© Didarbek.kz