Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау мен олардың игілігін қамтамасыз ету мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстап келеді, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі «Ауыл» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент бұл бағытта: «Өскелең ұрпақтың тағдырына бейжай қарамау – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір бала – біздің еліміздің болашағы. Сондықтан олардың қауіпсіз, бақытты әрі толыққанды дамуы үшін барлық жағдайды жасау біздің перзенттік те, азаматтық та парымыз», — деп үнемі атап өтеді. Осы ретте, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Көкшетау қаласында «Балалық шақ мекені» атты республикалық акцияға старт берілді. Аталған жоба Мемлекет басшысының саясатын іс жүзінде ілгерілету мақсатында жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа мерекелік көңіл-күй сыйлау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және балалардың әлеуметтік әл-ауқатына қоғам назарын аудару болып табылады. Мерекелік шара аясында Шымкент қаласыдағы Асанбай Асқаров атындағы ДЕНДРО САЯБАҒЫНДА қызықты мәдени-танымдық бағдарламалар, шығармашылық конкурстар мен ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Конкурстарға белсенді қатысқан барлық бүлдіршіндер мен түрлі бәсекелерде жүлделі орын алған жеңімпаздарға мерекелік тәтті балмұздақтар, сыйлықтар мен әуе шарлары табысталды.

«Ауыл» партиясы Шымкент қаласы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Ғани Қарабековтың бұл бастаманың тәрбиелік мәні жоғары екенін атап өтті: ««Ауыл» партиясы үшін отбасылық құндылықтар мен балалардың бақытты балалық шағы – қашанда басты назарда. Бұл акция – әрбір баланың қоғамда өз орны бар екенін, олардың құқықтары мен армандары біз үшін маңызды екенін көрсетудің тамаша тәсілі. Интерактивті конкурстар арқылы біз балалардың белсенділігін арттырып, бойындағы таланттарын шыңдауды көздейміз. Әрбір кішкентай жеңіс пен марапат баланың болашаққа деген сенімін нығайтады».

Ұйымдастырушылар бұл бастама қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға және әрбір баланың бақытты балалық шаққа құқығы бар екенін көрсетуге бағытталған маңызды қадам болатынына сенімді.
© Jetpisbai.kz