Бүгін Шымкент қаласындағы “Жеңіс” саябағында Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыста қаза болған боздақтарды еске алуға арналған тағылымды іс-шара өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қаза болған қаруластардың рухына тағзым ету, олардың ерлігін ұрпақ жадында сақтау және жас буынға патриоттық тәрбие беру.
«Таулы Қарабах ардагерлері мен мүгедектерінің Республикалық Одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалы ұйымдастырған жиын Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Одан кейін қаза болған боздақтарды еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ, боздақтар рухына құран бағышталды.
Шымкент қаласының Құрметті азаматы, полковник Серікбай Онбаев, “Желтоқсан ақиқаты” РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының төрайымы Гүлмира Оспанова қаза болған сарбаздардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, «Таулы Қарабах ардагерлері мен мүгедектерінің Республикалық Одағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Аманбаев қорытынды сөз сөйлеп, қаза болған қаруластардың рухына тағзым етті.
Сонымен қатар, іс-шараға Ауған соғысы ардагерлері, Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, Семей полигонынан зардап шеккен ардагерлер, Чернобыль апатының ардагерлері, Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдарға қатысушылар да шақырылған.
Іс-шара барысында боздақтарға арналған арнайы баннерлер мен естелік кітапшалар таныстырылып, олардың өмір жолы мен ерлігі туралы мәліметтер көпшілікке ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды іс-шаралар жас ұрпаққа отансүйгіштік рух беріп, ерлік пен елге қызмет етудің маңызын түсіндіреді.
Жиын барысында ардагерлер өздерінің естеліктерімен бөлісіп, тағдырлас қаруластарымен бірге өткен қиын кезеңдер туралы әңгімеледі. Олар ел тыныштығы мен қоғамдағы бірліктің қадірін әрдайым бағалау қажеттігін айтып, жастарды Отанға адал қызмет етуге шақырды.
Іс-шараға қатысушылар батырлардың ерлігі мен жанқиярлығын ұлықтау – кейінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы жас буын үшін маңызды тәрбие мектебі екені айтылды.
Кездесу соңында қатысушылар мұндай еске алу шараларының тарихи жадыны сақтаудағы маңызы зор екенін жеткізді. Олар ерлік көрсеткен азаматтардың есімдері ұмытылмай, олардың өнегелі істері келешек ұрпаққа үлгі болып қала беретінін айтты.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да патриоттық бағыттағы кездесулер мен тәрбиелік іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Бұл бастамалар жастардың тарихи санасын қалыптастырып, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етпек.