Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру және қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КеАҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дүйсенбаева Сәуле Сансызбайқызы айтты.
Қазіргі таңда қаладағы барлық медициналық ұйымдар Qalqan цифрлық платформасына толық көшірілген. Жаңа жүйе көрсетілген медициналық қызметтердің шынайылығын растауға, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауға және қаржыландыру үдерісінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
МӘМС жүйесі арқылы жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік те кеңейген. Бүгінде мұндай қызметтерді сегіз медициналық мекеме көрсетеді. Жыл басынан бері 200-ден астам жоғары технологиялық операция мен емдеу қызметі қаржыландырылды. Оның ішінде кардиохирургия, нейрохирургия және трансплантология бағыттары басым.
Медициналық қызметтердің сапасын бақылау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде биылғы бес айда 72 мыңға жуық ақау анықталып, медициналық ұйымдарға 700 миллион теңгеден астам қаржылық санкция қолданылған. Сонымен қатар медициналық қызмет сапасына қатысты түскен арыз-шағымдар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,1 пайызға төмендеген.
Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіштер денсаулық сақтау ұйымдарындағы ішкі бақылау жүйесінің нығайғанын және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін көрсетеді.
Цифрлық платформалардың енгізілуі медициналық қызмет көрсету үдерісін толық бақылауға мүмкіндік беріп, адам факторының ықпалын азайтуға бағытталған. Бұл өз кезегінде қызметтердің әділ бағалануын қамтамасыз етіп, жүйедегі тәуекелдерді төмендетеді.
Сонымен қатар қаржылық тәртіптің күшеюі медициналық ұйымдардың жауапкершілігін арттырып, сапасыз қызмет көрсету жағдайларының алдын алуға ықпал етуде. Ашық деректер негізінде жүргізілетін мониторинг басқару шешімдерінің жедел әрі нақты қабылдануына жағдай жасайды.
МӘМС жүйесіндегі мұндай реформалар пациенттердің сенімін нығайтып, медициналық қызметтердің қолжетімділігімен қатар олардың сапасына да тікелей әсер етуде. Бұл денсаулық сақтау саласын халықаралық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, енгізіліп жатқан цифрлық бақылау тетіктері Шымкент қаласында медициналық жүйенің тиімділігін арттырып, қаржыландырудың ашық әрі әділ жүргізілуін қамтамасыз ететін маңызды қадам болып отыр.