Қала күні мерекесінде шаһардағы «Жұлдыз» индустриялық аймағында «ORDA NS BUILDING» ЖШС жүзеге асырған шағын және орта бизнеске арналған өнеркәсіп аймағының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бизнес-қоғамдастық және БАҚ өкілдері қатысты.
Жаңа өнеркәсіп аймағы шағын және орта бизнесті қолдау, өндіріс секторын дамыту және заманауи индустриялық инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында құрылған.
Жоба аясында кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдар ұсынылады. Бұл жаңа кәсіпорындарды іске қосуды жеделдетіп, жұмыс істеп тұрған өндірістердің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қала әкімі өндірістік аймақтың жұмысына сәттілік тілеп, әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдаулар жасалатынын атап өтті.
Жобаның жалпы инвестициялық құны – 13 млрд теңге. Оның ішінде алғашқы кезеңге 8,3 млрд теңге инвестиция салынған. Жобаны іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан көлемі 9,6 гектар жер телімі бөлінді. Нысанның өндірістік қуаты жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге дейін дайын өндірістік ғимараттарды орналастыруға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп аймағының іске қосылуы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың экономикалық әлеуетін нығайтуға серпін береді.
Жаңа өнеркәсіп аймағы өндіріс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған. Мұнда бизнес субъектілеріне қажетті инженерлік инфрақұрылым мен өндірістік мүмкіндіктер қарастырылып, олардың өз жобаларын қысқа мерзімде жүзеге асыруына жағдай жасалады.
Мұндай бастамалар өңірге инвестиция тарту көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар өндірістік кооперацияны дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге жол ашады.
Қазіргі таңда Шымкентте өнеркәсіп саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы жобалардың жүзеге асуы қаланың өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканың әртараптануына және тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді.
Сарапшылардың пікірінше, дайын өндірістік алаңдардың қолжетімді болуы кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, жаңа өндіріс орындарының ашылуын жеделдетеді. Нәтижесінде халықты жұмыспен қамту деңгейі өсіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін беріледі.