Шымкент қаласы әкімі Ғ. Сыздықбековтің Тұран ауданы тұрғындарымен өткен кездесуінде берілген тапсырмаларды іске асыру және көтерілген мәселелердің орындалу барысын зерделеу мақсатында аудан әкімі кезекті аралау жұмыстарын жүргізді.
Аралау барысында жауапты сала мамандарымен бірге Сарсенбаев және Қазиев көшелері қиылысындағы лоток пен асфальт жамылғысының жағдайы, Самал-1 шағынауданындағы жарықтандыру, скверді абаттандыру және аяқжол мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, Темірлан тас жолы бойындағы тұрғын үй аумақтарында санитарлық тазалық, абаттандыру және ойын алаңшаларын ретке келтіру жұмыстары зерделенді. Ю. Гагарин көшесі бойында жабық базар аумағының тазалығы, автотұрақты ұйымдастыру, ойын алаңшаларын абаттандыру, бейнебақылау камераларын орнату және жол қауіпсіздігі мәселелері қаралды.
Сондай-ақ «Балалар теміржолы» аумағынан Дендропаркке дейінгі серуендеу және жүгіру жолының жағдайы, шөпті газондарды күтіп-ұстау және санитарлық тазалық жұмыстары бақылауға алынды.
Бұдан бөлек, Карл Маркс шағынауданы Тілеулес көшесіндегі апатты көпір мен көше жарықтандыру мәселелері қаралып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Аралау барысында инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету және оны кезең-кезеңімен жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әсіресе жаңбыр суын бұру жүйелерінің тиімділігін арттыру, жол астындағы инженерлік желілердің жай-күйін тексеру және апатты жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлер мен қоғамдық аумақтардағы жарықтандыру жүйелерін толық жаңарту қажеттілігі қарастырылып, энергия үнемдейтін заманауи шамдарды орнату және желілерді ретке келтіру бойынша ұсыныстар берілді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға ықпал етеді.
Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру барысында жасыл аймақтарды көбейту, ирригациялық жүйелерді тиімді пайдалану және балалар мен демалыс алаңдарының санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау мәселелері пысықталды. Тазалық пен күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын арттыру бағытында жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.
Сондай-ақ жол инфрақұрылымын дамыту аясында жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тротуарларды ретке келтіру және жол белгілерін жаңарту бойынша қосымша шаралар қарастырылды. Барлық бағыттағы жұмыстардың орындалуы кезең-кезеңімен бақылауға алынып, нәтижелілігі тұрақты түрде зерделенетін болады.