Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетін тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz. Қаскөйлер WhatsApp мессенджері арқылы кең таралған алаяқтық схеманы қолданған. Олар азаматтарға туысы, досы немесе жақын танысы болып хабарласып, түрлі сылтаумен шұғыл түрде ақша аударуды сұраған. Алданған тұрғындар көрсетілген шоттарға қаражат жіберіп отырған. Жәбірленушілердің бірі – жергілікті тұрғын. Ол өзіне досының атынан шұғыл қаржылай көмек сұраған хабарлама келгеннен кейін, еш күмәнданбастан көрсетілген есепшотқа 3,5 миллион теңге аударған. Кейін алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер алты күдіктіні анықтады. Тінту барысында жалдамалы пәтерден қылмыс жасау кезінде пайдаланылған 19 SIM-карта, 11 телефон және планшет тәркіленді.
Қазіргі уақытта күдіктілердің Астана мен Шымкент қалаларында жасалған екі алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 7,5 млн теңге. Сондай-ақ олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жалғасуда.
Аталған жұмыс «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың құқықтарын қорғау және цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізілуде. Құқық қорғау органдары интернет арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу бағытындағы іс-шараларды тұрақты түрде күшейтіп келеді.
Полиция мамандары тұрғындарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келетін күмәнді хабарламаларға сақтықпен қарауға шақырады. Кез келген қаржылай көмек сұраған хабарламаны алған жағдайда, алдымен хабарлама жіберушімен жеке байланысып, ақпараттың рас-өтірігін тексеру қажет.
Сондай-ақ азаматтарға жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін және бір реттік растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу ескертіледі. Интернет-алаяқтар түрлі психологиялық тәсілдерді пайдаланып, адамдарды асығыс шешім қабылдауға итермелейтінін ұмытпаған жөн.
Құқық қорғау органдары киберқылмыспен күрес бағытындағы жұмысты жалғастырып, мұндай заңсыз әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша қажетті шараларды қабылдауда.
#ЗАҢМЕНТӘРТІП