Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазақстан жаңалықтары » ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ТӘУЛІГІНЕ 1000 ТОННА ҚАЛДЫҚ ӨҢДЕЙТІН КЕШЕН САЛЫНАДЫ

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ТӘУЛІГІНЕ 1000 ТОННА ҚАЛДЫҚ ӨҢДЕЙТІН КЕШЕН САЛЫНАДЫ

Шымкентте экология мен энергетика саласы үшін маңызды жобалардың бірі жүзеге аса бастады. Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды термиялық әдіспен өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи кешеннің құрылысына ресми түрде старт берілді. Осыған орай болашақ нысанның іргетасына капсула салу рәсімі өтіп, оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен қазақстандық-қытайлық Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd компаниясының басшылығы қатысты.
Возможно, это изображение текст
Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, экологиялық инфрақұрылымды жаңғырту және қалдықтарды қайта өңдеудің озық технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында қолға алынып отыр. Сонымен қатар, жоба елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының маңызды бағыттарының бірі саналады.
Жаңа кешен тәулігіне шамамен 1000 тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты өңдеуге қауқарлы болады. Өңдеу барысында өндірілген энергияның көлемі 24 мегаваттқа дейін жетеді деп жоспарланған. Бұл бір жағынан қоқыс көлемін азайтса, екінші жағынан қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Возможно, это изображение снегоочиститель
Жобаның жалпы инвестициялық құны 54 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026–2028 жылдары жүргізіліп, кешен пайдалануға берілгеннен кейін кемінде 80 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, кешен іске қосылған соң тұрмыстық қалдықтарды полигондарға көму көлемі айтарлықтай қысқарады. Соның нәтижесінде қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктеме азайып, қалдықтарды тиімді басқарудың жаңа кезеңі басталады. Сонымен қатар өңдеу процесінен кейін қалған күлді құрылыс материалдарын өндіруге пайдалану жоспарланып отыр. Бұл қалдықтарды толықтай дерлік кәдеге жаратуға мүмкіндік береді.
Возможно, это изображение динамик, помост и текст
Аталған инвестициялық жобаның жүзеге асуына Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың дамуы оң ықпал етті. Былтыр Шымкент қаласының делегациясы Қытайдың Сиань қаласына жұмыс сапарымен барып, өндірістік кәсіпорындардың тәжірибесімен танысқан еді. Сол сапар барысында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаевтың қатысуымен әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, бүгінгі ірі жобаның негізі қаланған болатын.
Возможно, это изображение помост и текст
Шымкентте бой көтеретін жаңа кешен қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға ғана емес, қалдықтарды экономикалық ресурсқа айналдыруға бағытталған маңызды өндірістік нысан болмақ. Егер жоба жоспарға сай жүзеге асса, мегаполис қалдықтарды өңдеу және «жасыл» энергетиканы дамыту бағытында еліміздегі жетекші қалалардың біріне айналуы мүмкін.
© Didarbek.kz

Пікір жазу