Шымкентте баспаналы болғандардың қатары тағы да көбейді. Көрме орталығында өткен салтанатты рәсімде тағы 30 отбасы көптен күткен баспанасының кілтіне ие болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоныс иелеріне пәтер кілтін табыстап, айтулы қуаныштарымен құттықтады.
Жаңа пәтерлер қаланың қарқынды дамып келе жатқан Бозарық шағын ауданында орналасқан. Тұрғын үйлер қажетті инженерлік-коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Баспаналар «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. «2-10-20» бағдарламасы көп балалы отбасыларға, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған. Ал, «5-10-20» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қызметкерлер мен толық емес отбасылар баспаналы бола алады.
Жаңа қоныс иелерінің қатарында көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер және толық емес отбасылар бар. Олар үшін баспаналы болу – ұзақ уақыт күткен арманның орындалуы ғана емес, отбасының тұрмыс жағдайын жақсартуға жасалған маңызды қадам.
Салтанатты шара барысында тұрғындар көрсетіліп отырған қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, жаңа баспаналарына қуанышты екендерін жеткізді. Жаңа пәтерлердің заманауи талаптарға сай болуы мен қажетті инфрақұрылымның қарастырылуы тұрғындарға жайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қалада тұрғындарды баспанамен қамту және қолжетімді тұрғын үй мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрғын үй алу мүмкіндігін арттыруға ерекше мән беріліп келеді.
Бозарық шағын ауданындағы жаңа үйлердің пайдалануға берілуі қаланың тұрғын үй қорын толықтырып қана қоймай, шағын ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымының дамуына да оң әсерін тигізеді. Ал жаңа пәтер иелері үшін бұл күн отбасылық өміріндегі маңызды әрі қуанышты сәт болып қалмақ.