Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ҚАЛА ӘКІМІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ НЫСАНДАРДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫҢ БАРЫСЫН ТЕКСЕРДІ

ҚАЛА ӘКІМІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ НЫСАНДАРДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫҢ БАРЫСЫН ТЕКСЕРДІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында 30 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Баспаналар «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға берілді.

Қала әкімі жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үйлерге кепілдік қызмет көрсету тәртібін түсіндірді. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлері бар.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті кешенінің құрылыс барысы тексерілді. Аталған жоба қызметкерлердің кәсіби даярлығын жетілдіруге және олардың қызметтік міндеттерін тиімді атқаруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қала әкімі Ақжайық шағынауданында салынып жатқан 200 орындық №2 перинаталдық орталықтың құрылысымен де танысты. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қала тұрғындарына көрсетілетін акушерлік және неонаталдық көмектің қолжетімділігі артады. Жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын халықаралық сапа стандарттарына сәйкес және белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды.

Аралау барысында бұрынғы Президент резиденциясының аумағында орналасқан дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру лагерінің жұмысымен де танысты. Лагерьде қалалық және республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары және жүлдегерлеріне арналған 12 күндік ауысымдар ұйымдастырылып, олардың сапалы демалуына, білімін жетілдіруіне және жан-жақты дамуына жағдай жасалған.

Қала әкімі Білім басқармасына балалардың лагерьде болу жағдайын одан әрі жақсарту және білім беру бағдарламаларының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Қала басшысы аралау барысында әр нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және белгіленген мерзімдердің орындалуына ерекше назар аударды. Жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Әлеуметтік нысандардың іске қосылуы қала тұрғындары үшін көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты қала әкімдігі жаңа нысандардың уақытылы пайдалануға берілуін және олардың заманауи талаптарға сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

 

Пікір жазу