Шымкент қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқаулары өтіп, оған 120-дан астам жергілікті тауар өндіруші қатысты.
Қала әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен іс-шара қаланың өндірістік әлеуетін таныстыруға, отандық өнімді насихаттауға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды.
«Көрме» орталығында тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және өзге де салалардағы кәсіпорындар өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тхангал бастаған делегация, сондай-ақ, бизнес қауымдастығы мен қала тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауына танымал кәсіпорындармен қатар, өндірісін енді бастаған отандық кәсіпкерлер де қатысты. Байқауда негізінен өнім сапасы мен оның бәсекеге қабілеттілігі бағаланды.
Байқау жеңімпаздары Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2026» республикалық байқауында Шымкенттің намысын қорғайды. Сонымен қатар, іс-шара аясында жергілікті брендтерді дамытуға, өнім сапасын арттыруға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі ұйымдастырылды.
Көрме барысында кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, тұтынушылармен және іскерлік орта өкілдерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Мұндай алаңдар жаңа серіктестік байланыстарды қалыптастырып, жергілікті тауар өндірушілердің нарықтағы орнын нығайтуға жол ашады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ұсынылған тауарлар жергілікті шикізат пен ұлттық ерекшеліктерді тиімді пайдаланудың мүмкіндігін көрсетті. Жоба ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік қабілетін дамытуға, жаңа өнім түрлерін шығаруға және өз еңбегін нарыққа ұсынуға қолдау көрсететін маңызды алаңдардың біріне айналып келеді.
Кәсіпкерлер үшін мұндай байқаулар өнім сапасын жетілдіруге, өндіріс үдерісін жаңғыртуға және жаңа нарықтарға шығуға ынталандырады. Ал тұтынушылар үшін жергілікті жерде өндірілетін сапалы тауарлармен танысып, отандық өнімге деген сұранысты арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай іс-шаралар отандық өндірісті дамытуға, жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.