Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ИНТЕРНЕТ КАБЕЛЬДЕРІ НЕ СЕБЕПТІ ДЕМОНТАЖДАЛЫП ЖАТЫР?

ИНТЕРНЕТ КАБЕЛЬДЕРІ НЕ СЕБЕПТІ ДЕМОНТАЖДАЛЫП ЖАТЫР?

Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласының кейбір көшелерінде интернет кабельдерінің демонтаждалуына қатысты тұрғындардың шағымдары жариялануда. Бұл жұмыстар инженерлік және қауіпсіздік талаптарын сақтамай орналастырылған кабель желілерін ретке келтіру мақсатында жүргізіліп жатыр.

Өткен жылы жүргізілген тексеру барысында сыртқы жарықтандыру тіректеріне интернет-провайдерлердің кабель желілерін заңсыз орналастыру фактілері анықталды. Мұндай кабельдер тұрғындардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ олардың мүлкіне қауіп төндіріп, апаттық жағдайлардың туындау қаупін арттырады.

Осыған байланысты интернет-провайдерлерге заңсыз орналастырылған кабель желілерін өз күшімен алып тастау жөнінде бірнеше рет ескерту беріліп, оларды баламалы инфрақұрылымға көшіру жолдары ұсынылды. Заңсыз орналастырылған кабельдерді демонтаждау қажеттігі туралы ресми хабарламалар 2025 жылғы қараша айында жолданып, талаптарды орындауға жеткілікті уақыт берілді.

Осы мерзім ішінде бірқатар провайдерлер талаптарды сақтап, кабель желілерін өз еркімен демонтаждады. Алайда кейбір байланыс операторлары ескерту мерзімі аяқталғанына қарамастан, талаптарды бүгінгі күнге дейін орындамаған. Сондықтан заңсыз орналастырылған кабель желілері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы орган тарапынан мәжбүрлі түрде демонтаждалып жатыр.

Сонымен қатар интернет-провайдерлерге абоненттерге көрсетілетін қызмет сапасын сақтай отырып, байланыс желілерін белгіленген талаптарға сәйкес орналастыру қажеттігі түсіндірілуде. Кабельдерді қауіпсіз инфрақұрылымға көшіру тұрғындардың интернет қызметіне қолжетімділігін сақтауға және қаланың инженерлік желілерін ретке келтіруге мүмкіндік береді.

Қала аумағындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Жауапты органдар заң талаптарына сәйкес орналастырылмаған инженерлік желілерге қатысты бақылауды күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігіне және қалалық инфрақұрылымның қалыпты жұмысына кері әсер ететін жағдайлардың алдын алуға басымдық береді.

Бұл жұмыстар тұрғындарды интернеттен ажырату мақсатында емес, заңсыз орналастырылған және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін кабель желілерін ретке келтіру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатыр.

 

Пікір жазу