Шымкент қалалық кәріз желісіне қауіп төніп тұр: 69 кәсіпорын су бұру қызметінен айрылуы мүмкін. «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС кәсіпорындарға өндірістік ағынды суды жүйеге ағызу кезінде техникалық шарттар мен нормативтік талаптарды сақтау қажеттігі туралы хабарламалар жолдауда. Бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, бірқатар кәсіпорын техникалық құжаттамаларын өзектендірмеген және өндірістік ағынды судың сапасын бақылауды қамтамасыз етпеген.
Бұл не үшін маңызды?
Өндірістік ағынды судың құрамындағы ластаушы заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген көлемнен асып кеткен жағдайда кәріз желісінің бітелуіне және апаттық жағдайдың туындауына әкеп соқтыруы мүмкін, сонымен қатар, сорғы жабдықтары мен тазарту құрылымдарының жұмысын бұзады. Қазақстан Республикасы Су кодексінің 111-бабына сәйкес, су тұтынушылар сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын сақтауға міндетті.
Еске саламыз: әр кәсіпорын ағынды судың құрамы мен көлемін бақылауға, жергілікті тазарту құрылыстарын, бақылау құдықтарын және есепке алу құралдарын жарамды күйде ұстауға міндетті.
Қалалық кәріз жүйесіне май, мұнай өнімін, өндірістік қалдықты, ет өңдеу кәсіпорындары мен мал сою орындарының қалдығын, тазарту құрылыстарының тұнбаларын және басқа да ластаушы заттарды ағызуға қатаң тыйым салынады.
Су кодексінің 112-бабына сәйкес, заң талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда сынамалар алу, материалдарды уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдау, сондай-ақ, ағынды суды қабылдауды шектеу немесе толық тоқтату сияқты ықпал ету шаралары қолданылады.
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС анықталған бұзушылықтарды шұғыл түрде жоюға және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырады.
Кәсіпорын басшылары үшін бұл талаптарды сақтау тек заңнама нормаларын орындау ғана емес, қаланың санитариялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін атап өткен жөн. Өндірістік ағынды суды жүйеге жібермес бұрын оның белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру, қажетті тазарту шараларын жүргізу және тиісті құжаттарды уақтылы рәсімдеу кәріз инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Осыған байланысты кәсіпорындарға кәріз желісіне қосылу және ағынды суды ағызу талаптарын қайта қарап, техникалық құжаттаманың қолданыстағы нормаларға сәйкестігін тексеру ұсынылады.