Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылының қорытындысы шығарылып, жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қаладағы білім беру саласында білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін көтеру және цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылды.
Өткен оқу жылында қаладағы 1 388 білім беру ұйымында 405 мыңнан астам бала білім алды. Оның ішінде 658 мектепке дейінгі ұйым мен 291 жалпы орта білім беру ұйымы жұмыс істеді.
Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік тапсырыс аясында 76 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген уақыттан бері 99 мыңнан астам ваучер берілді. Қазіргі уақытта 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 84,5 пайызға жетті. Биыл мемлекеттік тапсырыс есебінен жекеменшік балабақшаларда 3 500 жаңа орын ашу жоспарланып, оның 2 114 орны пайдалануға берілді. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыстың орындалуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде талаптарға сәйкес келмеген тоғыз балабақша мемлекеттік тапсырыстан шеттетілді.
Жалпы орта білім беру ұйымдарында өткен оқу жылында 277 мыңнан астам оқушы білім алды. Оның ішінде 16 003 түлек мектеппен қоштасса, 24 178 оқушы 9-сыныпты тәмамдады. Биыл 766 мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегері атанып, 1 196 түлек үздік аттестатқа, ал 9-сыныптың 1 608 оқушысы үздік куәлікке ие болды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Шымкенттік оқушылар республикалық және халықаралық олимпиадаларда да табысты өнер көрсетті. 80-нен астам түлек әлемнің жетекші жоғары оқу орындарынан шақырту алып, халықаралық білім гранттарын жеңіп алды. Ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда қала оқушылары көптеген жүлделі орындарды иеленді. Ал М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназияның оқушысы Керімбай Саян халықаралық «Regeneron ISEF-2026» ғылыми-техникалық байқауының финалдық кезеңіне жолдама алды.
Инклюзивті білім беру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттілігі бар 12 857 балаға арнайы ұйымдарда және жалпы білім беру мекемелерінде қолдау көрсетілуде.
Бұл жұмыстар алдағы оқу жылында да білім сапасын арттыруға және оқушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталып, білім алуға тең мүмкіндік береді.