Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » ШЫМКЕНТТЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗАҢНАМАНЫ БҰЗҒАН БІРҚАТАР КӘСІПОРЫНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

ШЫМКЕНТТЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗАҢНАМАНЫ БҰЗҒАН БІРҚАТАР КӘСІПОРЫНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті 2026 жылдың алғашқы алты айында қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік экологиялық бақылау жұмыстарын күшейтіп, заң талаптарын бұзған кәсіпорындарға қатысты бірқатар шара қабылдады.

Жыл басынан бері департамент 29 тексеру жүргізді. Оның ішінде 15 профилактикалық бақылау, 12 жоспардан тыс тексеру және 2 талаптарға сәйкестігін тексеру ұйымдастырылды. Нәтижесінде 39 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 91,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 72 миллион теңгесі мемлекет кірісіне өндірілді. Сонымен қатар анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында 29 нұсқама берілді.

Экологиялық талаптарды өрескел бұзған кәсіпорындарға қатысты қатаң шаралар қабылданды. Атмосфералық ауаға рұқсатсыз және белгіленген нормадан тыс шығарындылар шығарғаны үшін «Rock Minerals» ЖШС-не 17,6 миллион теңге, ал «Polymettech» ЖШС-не 63,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, сот шешімімен «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС, «Rock Minerals» ЖШС және «Polymettech» ЖШС қызметі уақытша тоқтатылды.

Экологиялық рұқсатсыз жұмыс істегені анықталған «DIP TRANS LOGISTICS» ЖШС мен «Тазалық СК» ЖШС-не қатысты да әкімшілік жауапкершілік қолданылып, сот қаулысымен айыппұл салынып, қызметі белгілі бір мерзімге тоқтатылды.

Алты ай ішінде «Су ресурстары-Маркетинг», «Шымкентцемент», «AZALA Textile», «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» және индустриялық аймақтардағы өзге де кәсіпорындарға бақылау жүргізілді. Жалпы тексерілген нысандардың басым бөлігі өндірістік кәсіпорындар болды.

Сонымен бірге, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде эковолонтерлардың қатысуымен түрлі экологиялық іс-шаралар өткізілді. Ал Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» тақырыбында сурет байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

Экология департаментінің мәліметінше, қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін енгізу, заңсыз қоқыс орындарын болдырмау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Бұл ретте қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуына баса мән беріліп, экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар күшейтіледі.

 

Пікір жазу