Шымкент қаласында қаладағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің үздік бітіруші түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. Мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, түрлі сала басшылары, ата-аналары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кеште Астана қаласына — 20 жыл, М.Əуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіне — 75 жыл толуына орай, университетті үздік бітірген 444 түлекке диплом салтанатты түрде тапсырылды.
— Сіздерге сəттілік тілеймін, жолдарыңыз ақ болсын! Қолдарыңызға диплом алып, еліміздің тұтқасын ұстар жас маман атандыңыздар. Енді үшінші мегаполисті қаланың дамуына атсалысып, өркендеуіне үлес қосуға шақырамын, — деді университеттің құрметті профессоры Ғ.Əбдірахымов.
Осыдан кейін шаһар басшысы түлектерге қызыл дипломды табыстады. Айта кетейік, ОҚМУ-ды 4273 студент бітіріп, оның 444-і үздік диплом иегері атанды.
Салтанатты кеш қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға, соңы тамаша отшашуға ұласты.