Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қала тынысы » Шымкентте 754,3 млн теңге жалақы берешегі өндірілді

Шымкентте 754,3 млн теңге жалақы берешегі өндірілді

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, жол жұмысының сапасы, бұған дейін іске асырылған жобалар бойынша мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелерін орындауы, сондай-ақ, рұқсат етілмеген саудаға тосқауыл қою және стационарлық емес сауда нысандарын ретке келтіру мәселелері қаралды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің қалалық департаментінің басшысы Жеңіс Мақұлбаевтың айтуынша, 2026 жылдың бірінші жарты жылдығында департаментке еңбек құқықтарының сақталуына қатысты 1 829 өтініш түскен. Қабылданған шаралар нәтижесінде 665 жұмысшының құқығы қалпына келтірілді.

Есепті кезеңде 238 тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасының бұзудың 226 фактісі анықталды. Жұмысшылардың пайдасына 754,3 млн теңге жалақы берешегі өндіріліп, 2 824 адамның құқығы қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, жазғы демалыс кезеңінде қалада полиция қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық рейдтер өткізілуде. Іс-шаралар барысында 72 кәсіпкерлік субъектісі қамтылып, кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын бұзудың 8 фактісі анықталды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың мәліметінше, қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 747,7 шақырымды құрайтын 360 көше-жол желісі бойынша кепілдік міндеттемелер қолданылуда.

2026 жылы жолдарды тексеру қорытындысы бойынша мердігер ұйымдарға анықталған ақауларды жою жөнінде 26 ресми талап жолданған. Оның ішінде 25 нысанда қалпына келтіру жұмысы аяқталды, ал бір нысан бойынша сот процестері жүргізілуде.

Бұдан бөлек, 2025 жылы жолдарды күтіп-ұстау аясында 140 көшеге тегістеу қабаты төселген. Оның 11-інде ақаулар анықталды. 6 көшеде қалпына келтіру жұмыстары аяқталса, 5 көшеде тиісті жұмыс жалғасуда.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрманов жыл басынан бері аудан әкімдіктерімен бірлесіп 102 заңсыз орнатылған дүңгіршек анықталғанын хабарлады. Олардың иелерімен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, барлық нысан демонтаждалған.

Сонымен қатар, белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 7 634 фактісі анықталды. Оның 6 964 жағдайы бойынша ескерту беріліп, 654 жағдайда жалпы сомасы 17,8 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Рұқсат етілмеген сауданың негізгі ошақтары ретінде «Қырғы базар» және «Авто-Нұр» базарларының маңындағы аумақтар қалып отыр. Бұл жерлерде заңсыз саудамен 60 адам айналысады. Ретсіз сауданы анықтау және оған тосқауыл қою жұмысы тұрақты жалғасатын болады.

Кеңесті қорытындылаған қала әкімі жауапты басшыларға еңбек заңнамасының сақталуын, жол жұмысының сапасын және кепілдік міндеттемелердің орындалуын бақылауды күшейтуді, сондай-ақ, рұқсат етілмеген саудаға тосқауыл қою жұмысын жалғастыруды тапсырды.

 

Пікір жазу