Шымкент қаласының индустриялық әлеуетін арттыруда өндіріс орындарын дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және отандық өндіріс көлемін ұлғайту маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Осы орайда «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан «Болашақ-7» ЖШС алкогольсіз сусындар өндірісін жүзеге асырып, өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттырып келеді.
Кәсіпорын жобасына 2018 жылы жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын инвестиция құйылып, 2019 жылы пайдалануға берілді. Бастапқы кезеңде өндірістік қуаты жылына 70 млн дана болған компанияға өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында 2023-2025 жж қосымша 1,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде өндірістік қуаты жылына 100 млн данадан астам өнімге дейін жеткізілді.
Кәсіпорындағы өндіріс үдерісі заманауи технологиялық желілер арқылы ұйымдастырылып, өнімнің сапасы мен өндіріс тұрақтылығына басымдық беріліп отыр. Қуаттылықтың артуы ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, отандық өнім түрлерінің қатарын кеңейтуге жол ашуда.
Өндіріс көлемінің ұлғаюы жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылуына да ықпал етеді. Сонымен қатар кәсіпорынның дамуы өндіріс, логистика, қызмет көрсету және басқа да сабақтас салалардың жандануына оң әсерін тигізіп, өңір экономикасындағы іскерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде «Болашақ-7» ЖШС – өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосып отырған кәсіпорындардың бірі.
Өндірістің жаңғыртылып, қуаттылығының артуы Шымкенттегі индустриялық аймақтардың инвестиция тарту мен жаңа өндірістерді дамыту үшін тиімді алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді.
Жалпы, өндірістік кәсіпорындардың технологиялық мүмкіндігін кеңейтіп, инвестициялық жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруы қаланың экономикалық әлеуетін нығайта түседі. Мұндай жобалар жаңа өндірістерді қалыптастырып қана қоймай, жергілікті өнім үлесін арттыруға және Шымкенттің ірі индустриялық орталық ретіндегі орнын одан әрі бекемдеуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, кәсіпорын өндіріс көлемін арттыру арқылы нарықтағы отандық өнім үлесін ұлғайтуға өз үлесін қосып келеді. Бұл – қаладағы өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамып келе жатқанының айқын көрінісі.