Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың өңірдегі заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою тапсырмасына сәйкес, Отырар ауданында арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Жұмысшы топқа облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, ОҚО мемлекеттік кірістер департаментінің, облыстық көліктік бақылау инспекциясының мамандары мен аудандық кірістер басқармасы, жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері және облыстық жергілікті полиция қызметі тарапынан арнайы 2 экипаж қатысты.
Арнайы шараның нәтижесінде анықталған заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын 61 көліктің 26-сы аудан әкімдігіне такси тасымалы қызметін бастағандығы жөнінде хабарлама беріп, өз қызметтерін заңдастырды. Сондай-ақ, жұмыс барысында Отырар ауданының орталығы Шәуілдір елді мекенінде заңсыз жолаушылар тасымалын аттандыратын 1 орын анықталып, тиісті шаралар көрілді.
Рейдтік шара соңында аудан әкімдігіне жеңіл такси көліктеріне арнайы такси тұрақ ұйымдастырып, қысқа мерзім ішінде барлық жеңіл такси көліктерінің жұмысын заңдастыру тапсырылды.
Сонымен қатар, облыстық көліктік бақылау инспекциясы мен ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандары аудан орталығындағы «Жұлдыз» автобекетінің Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестігіне мониторинг жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша автобекет басшысына нұсқаулар берілді.
Алдағы уақытта бекітілген кестеге сәйкес, аудан, қала әкімдіктерінде аталған жұмыстар тұрақты жүргізілетін болады.