Ордабасының қасиеті оның азаматтарында жатыр…
Ордабасы – батырлардың, ақындардың, сазгерлердің, тарихи тұлғалардың түлеп ұшқан жері. Оларды біз мақтан тұтып қана қоймай,өзімізге де, бала-шағамызға да үлгі-өнеге етеміз…
Бүгінгі кейіпкеріміз – Ордабасы ауданынан түлеп ұшқан жерлестеріміздің бірі, Ордабасы ауданының және Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, облыс прокуроры, генерал Ибраһим Әлжанұлы Иманов.
(ӨМІР БЕЛЕСТЕРІ жайлы)
Бөген, қазіргі Ордабасы ауданының Ермолов (қазіргі Берген) ауылында 1959 жылдың қаңтар айының 18 жұлдызында дүниеге келген И.Иманов 1976 жылы Қазақ Политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түсіп, 1980 жылы тау-кен инженері мамандығы бойынша білім алып шықты. 1995 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетіне оқуға түсіп, «құқықтану» мамандығы бойынша екінші мамандыққа ие болды.
Еңбек жолын 1978 жылы «Карағандыкөмір» өндірістік бірлестігінде бастады. Кейіннен комсомол ұйымын басқарды. Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің мектебінде білім алды. Осыдан кейін Екібастұз қаласы комсомол комитеті құрылыс отрядының штаб бастығы, Екібастұз қалалық атқару комитеті халықтық бақылау комитетінің инспекторы, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, осы бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды.
ҚЫЗМЕТ БАСПАЛДАҚТАРЫ
1993 жылдан бері прокуратура органдарында қызмет етуде. Павлодар облысы Екібастұз қалалық прокуратурасында тәлімгер, қала прокурорының көмекшісі, Качир ауданының прокуроры, ҚР Бас прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау Департаментінің бөлім прокуроры, ҚР Бас прокуратурасы мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау Департаментінің аға прокуроры, ҚР Бас прокуратурасы Департаментінің меншік және кәсіпкерлік заңдарының қолданылуын қадағалау бөлімінің аға прокуроры, осы бөлімнің бастығы, Павлодар және Қарағанды облыстары прокурорының орынбасары, Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары, Алматы қаласы мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры, 2011 жылдың қаңтар айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары лауазымында болды.
2012 жылдың қыркүйек айынан бері Ибраһим Әлжанұлы – Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры қызметін абыройлы атқарып келеді.
АБЫРОЙДЫҢ АСҚАҚТАУЫ
Прокуратура органдарында қызмет атқару барысындағы мінсіз қызметі үшін Қазақстан Республикасы
Президентінің 2005 жылғы 25 тамыздағы №1633 Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, 2005 жылғы 14 желтоқсандағы Жарлығымен «Даңқ» орденімен, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2005 жылғы 27 желтоқсандағы №311/6 бұйрығымен «II-дәрежелі «Прокуратура озаты» төсбелгісімен, 2011 жылғы 1 желтоқсандағы №219/6 бұйрығымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл» мерекелік медалімен, 2014 жылғы 28 қарашадағы №192/6 бұйрығымен «Прокуратураның құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2015 жылғы 16 қаңтардағы №15/6 бұйрығымен «I, II, III-дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдерімен марапатталған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылдың 6 мамырында «3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі» сыныптық шені берілді.
ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ
Прокурордың күнделікті жұмысының ауқымы да, салмағы да жеткілікті. Заңдылықты қадағалау барысында Бас прокуратураға ұсыныстарын жіберу, жаңа заңдардың дүниеге келуіне атсалысу – күнделікті тіршіліктің көрінісі. Мәселен, 2016 жылы қолданысқа енген жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекстің заңдары прокуратура тарапынан жазылғанын бірі білсе, бірі білмейді. Сол сияқты, бірқатар кодекстерге 100-ден аса ұсыныс жіберген екен. Генерал Имановтың тарапынан жіберілген ұсыныстардың басым көпшілігі жаңа кодекстерге енгізілген. Бұл да мол тәжірибесінің, жеке жауапкершілігінің және кәсіби шеберлігінің арқасы болса керек.
Бірақ, жұмысының ауқымдылығына қарамастан елмен, Оңтүстік жұртымен мүмкіндігінше жиі кездесіп тұрады. Өңір прокуроры қызметін атқару барысында барлық аудан тұрғындарымен кездесіп үлгергенін ерекше атап өту керек. Әсіресе, туған топырағы – Ордабасыға ат басын жиірек бұрады.
ЖАЛҒЫЗ ТҰЯҚ
Әкеден ерте қалған Ибраһим Әлжанұлы – екі әпкесінен кейінгі үйдің кенжесі. Қажы анасы Тәжікүл – апамыздың аялап өсірген перзенті болса да, көз ашқалы тұрмыстың тауқыметін көріп есейді. Бала кезінен ел жағдайына қанып өскендіктен бе, бойына адалдық пен тазалық қасиеттері дарыған. Оның үстіне, анасы да біреудің ала жібін аттамауды үйреткен абзал жан болатын. 97 жас жасаған кейуананың ғұмырын ұлына да бұйыртсын деп тілегіміз келеді осындайда.
ОТБАСЫ МӘСЕЛЕСІ
Ибраһим Әлжанұлы Иманов қызметкерлердің отбасы мүшелерімен жуырда ғана өткізген арнайы кездесуінде прокуратура үшін отбасы институтының маңыздылығын жоғары бағалап, татулық пен ынтымақтастық мәселелеріне бей-жай қарамайтындығын аңғартты. Басқаша болуы да мүмкін емес. Өйткені, ол бабаларымыз асыл мұра етіп қалдырған ұлттық салт-дәстүр қағидаларына сай тәрбиеленген ауыл азаматы. Әйел — ананы аялап өту, ақ жаулығын қадірлеу, бауырлардың бір-біріне мейірбандығын арттыра білу – кітаптардан оқып біліп алатын қасиеттер емес, туа бітті ана сүтімен бойға даритын ұлы ұғымдар. Осыны алға тартқан облыс прокуроры қарамағындағы қызметкерлерінің де үй жағдайына, отбасы ахуалына көңіл бөлетіндігін жеткізді.
ӘДІЛДІК ЖОЛЫНДА
Заңдылықты қадағалау ғана емес, әлеуметтік-қоғамдық мәселелер де Ибраһим Әлжанұлын үнемі толғандыратынын оның күнделікті тіршілігінен байқап жүрміз. Өйткені, әр адамның психологиялық ахуалы, үйелмен жағдайы, көңіл-күйі түптеп келгенде қоғамдағы жалпы жағдайға әсер етпей қоймайды. Облыс прокурорының көптеген ұсыныстары қоғамдағы қарым-қатынастарды жеңілдетуге бағытталған. Осы орайда, “Жергілікті полиция қызметін таратып жіберсе де боларлық” деген ұсынысы дүйім жұрттың қолдауына ие болды. Өмірлік тәжірибесі мол генерал Иманов негізсіз ештеңе айтпайды, ал айтты екен, астарында терең проблема жатқандығынан хабар беріп отыр деп қабылдау қажет.
ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚ
Ибраһим Әлжанұлы Имановтың сыртынан жайсыз сөз ерген емес. Жұмыстағы принципшілдігі мен өмір ұстанымдары ұштасып, таза қызмет атқаруына көмегін тигізіп жүр. Адалдық қағидалары санасынан бір сәт те сөнген емес. Оны айнала жұрты, қызметтегі әріптестері, туған-туыстары жақсы біледі. Сондықтан болар, ел ішіндегі абыройы күннен күнге асқақтап келеді.
Ауданымыздың, облысымыздың Құрметті азаматы осындай жан! Өскелең ұрпақ одан үлгі алса, еш ұтылмайды.
Әсет ӘССАНДИ,
журналист.
Арнайы “Ордабасы оттары” газеті үшін.