Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Оңтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ордабасы ауданына табан тіреген «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» облыстық өнер фестивалі Аққойлы мешіт-мұражайында оның терең тарихымен танысумен жалғасты.
Халқымыздың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігінен кеңінен сыр шертетін мұражайдың кейінгі ұрпаққа берері көп. Әрбір көнеден қалған мұражай затының өзіндік тарихы мен мән-мағынасы келушілерді кең даланың сан қырлы сырына тартары анық.
Кең көлемде ұйымдастырылған фестивальде белгілі сөз зергері, Ордабасы ауданының тумасы Кәрима Оралова мен Бөрібай Оразымбетовтің айтысы өтті.
Фестиваль барысында қазақтың ұлттық тағамдар, қолөнер және қылқалам шеберлерінің туындыларынан көрме ұйымдастырылып, ұлттық спорт ойындары да ойнатылды.
Өнер фестиваль аудан өнерпаздарының гала-концертіне жалғасып, «Ордабасы» ақпарат орталығындағы баспасөз конференциясымен қорытындыланды. Жалпы, Аққойлыға сапар сәтті болды десе де болады.
Әсет Әссанди
Азат Дидарбек -тің фоторепортажы