Шымқаланың символына айналған қызғалдақ биыл да тұрғындарға естен кетпес мереке сыйлады. Қаладағы гүлзарларда қыр гүлінің бір миллион 300 мың данасы егілді. Олардың басым көпшілігі голландық сұрыптағы сары, қызыл, көк, қызғылт және күлгін түсті қызғалдақтар. Сонымен қатар қызғалдақтар ұлттық ою-өрнектер, қаланың логотипі мен геометриялық кескін пішінінде гүлдеп тұр. Осыған орай қаламызға сән беріп тұрған қаланың символы іспеттес қызғалдақ гүліне арнап арнайы байқау жарияланғаны белгілі.
Фотобайқауға 500-ден аса сурет келіп түсті. Сарапшы қазылар алқасы 20 үздік суретті анықтады. Ал, тұрғындар сол үздіктер арасынан өздеріне ұнаған суретті таңдап, пікірлер қалдырды.
Осылайша суреттер іріктеліп, 5 жеңімпаз анықталды.
Алайда көпшіліктің сұрауымен тағы бір жұмыс жеңімпаз деп танылды, яғни ұлттық киімдегі бүлдіршін ешкімді бейжай қалдырмады.
Алғашқы өткен ерекше фотобайқаудың барлық жеңімпаздарын қаладағы баннерлерден, атап айтқанда Қонаев-Рысқұлов көш. қиылысы, Желтоқсан көшесі «Даркөл» бизнес орталығының алды, Республика даңғылы, Түркістан көшесінің бойынан көре аламыз.